Келер жылдан бастап Қазақстанның жоғары оқу орындарында португал тілі оқытылады. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен «Камоэнш» португал халықаралық ынтымақтастық және тіл институтының президенті Луиш Фару Рамоштың кездесуі барысында айтылды.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Луиш Фару Рамош Роман Василенкомен кездесуде Қазақстанға әлемде Португалия мәдениеті мен тілін насихаттау үшін Португалия Сыртқы істер министрлігінің қамқорлығымен құрылған «Камоэнш» институтының қызметін ұсынды.
Тараптар келесі оқу жылының басынан бастап Қазақстанның жоғары оқу орындарында португал тілін оқыту үшін қажет құқықтық базаны қалыптастыру үшін өзара іс-қимылдың мүмкін болатын тетіктерін егжей-тегжейлі талқылады, — делінген Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда португал тілі осы тілде сөйлейтін тағы бір ел — Бразилиямен бірлесіп оқытылады.
Роман Василенко Қазақстанда әсіресе сыртқы саясат ведомствосы үшін португал тілінде сөйлейтін кадрларға сұраныс артып келе жатқанын айтты. Сол себепті министрлік елімізде португал тілін оқытуды қолдап отыр.
Тараптар жастар саясаты, ғылым және технологиялар, мәдениет және спорт, масс-медиа сияқты бағыттарда байланысты нығайтуға да уағдаласты.
Сапар аясында португал дипломаты Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі, Мемлекеттік басқару академиясы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұжымдарымен кездесті. Луиш Фару Рамош ЕҰУ студенттеріне «Бейбітшілік үшін тіл, әлем бір тілде» тақырыбында дәріс оқыды.