Басты бетБілімАлматы мектептері...

Алматы мектептері мен балабақшаларында орын жетпей жатыр

Алматыда халықтың сырттан жиі көшіп келуіне және бала туу санының артуына байланысты мектеп жасына дейінгі және жалпы білім беретін мекемелерде орын жетпей жатыр. Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенова айтты.

Білім басқармасы басшысының мәліметінше, қазіргі кезде қалада 30 183 оқушыға орны жетпейді.

2019 жылы мәселені шешу үшін Алатау ауданында 600 орындық мектеп, Бостандық ауданында мектеп жанынан 300 орындық қосалқы нысан пайдалануға берілді.

Қазір Түрксіб ауданындағы Колхозшы елді мекенінде 600 орындық мектеп, Әуезов ауданында 1200 орындық мектеп, Ержан Тәтішев қоры есебінен тағы 600 орындық мектеп, № 61, 123, 164, 172 мектептер жанынан 1 717 орындық қосалқы нысандар салынып жатыр. 2020 жылдың қыркүйегіне №140 мектеп жанынан 300 орындық қосалқы нысан пайдалануға беріледі.

Гүлнәр Ходжабергенованың айтуынша, сонымен бірге келер жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 12 900 орындық 8 мектептің, 1 640 орындық үш жеке мектептің және 600 бала сыятын 2 қосымша ғимараттың құрылысы басталады.

Қазіргі уақытта 3-5 жас аралығындағы 21 мыңға жуық бала балабақша кезегінде тұр. Биыл үш мемлекеттік, 113 жеке балабақша ашылып, барлығы 3 178 баланы қабылдады.

Қазір 640 орындық төрт мемлекеттік балабақша және әлеуметтік жауапкершілік аясында 150 орындық бір балабақша салынып жатыр, — деді Гүлнәр Ходжабергенова.