Баланы балабақша кезегіне қалай қояды?

Бала, балабақша
Иллюстрация: Dribbble.com/©Uran

Балаңызды балабақшаға орналастырғыңыз келсе, Алматыда кезекке өтінішті үйден шықпай-ақ бере аласыз. Алматы даму орталығының мамандары балабақшаға кезекке тұру жөнінде сұрағымызға жауап берді.

1. Балабақша кезегіне қалай тұрамын?

2018 жылдың 1 ақпанынан бастап Алматыда барлық балабақшаға бірыңғай кезек енгізілді. Осыған байланысты әр ата-ана баласын балабақша кезегіне электрон цифрлық қолтаңба арқылы қоя алады.

Электрон цифрлық қолтаңба open.almaty.kz жүйесі арқылы өтініш беріп, оны өзгертуге, кезекке қоюға, одан шығуға, балабақшаға орналастыру үшін жолдама алуға мүдделі екеніңізді көрсетуге мүмкіндік береді.

Балабақшада бос орындар болса, олар жеңілдігі бар санаттағы азаматтарға алдымен беріледі.

2. Жеңілдік кімдерге беріледі?

  • Әскерилердің балалары балабақшаға кезектен тыс жолдама алады.
  • Мүгедектігі бар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім алуды қажет ететін және көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға жолдама кезектен тыс беріледі. Осы санаттағы балаларға балабақшадан орын 1/3 есебімен бөлінеді. Бұл - үш жолдаманың біреуі жеңілдігі бар адамға тиесілі деген сөз.

Қараша мен желтоқсанда туған балалар келесі жылы туған балалармен бірге бір кезекке қойылады.

3. Жолдама қалай беріледі?

Кезегіңіз келгенде поштаңызға немесе телефон нөміріңізге хабарлама түседі. Оpen.almaty.kz сайтынан да ЭЦҚ-мен бос орындарды көруге болады.

Жеңілдігі бар өтініш беруші бос орынға үш күнде жолдама алады. Жеңілдігі бар азаматтар өзіне сәйкес келетін балабақшаны таңдауына, жолдаманы өз бетінше алуына болады. Алу керек уақыты өтіп кетсе және бос орындар болса, әр аптаның жұмасында сағат 06.50-ден бастап жүйе бос орындарды үлгермегендерге қайта ұсынады.

Егер ата-ана жолдама алған соң 5 жұмыс күнінде балабақшаға бармаса, жолдама автоматты түрде жойылады және өтініш 10 жұмыс күні мерзімінде стоп-парағына жіберіледі. Өтініш стоп-парағында  тұрған кезде жолдаманы алу мүмкін болмайды. Өтініш беруші берілген жолдаманы қолдану уақытын екі рет өткізіп алса, бала кезектен автоматты түрде шығарылады.

4. Қандай жағдайда жекеменшік балабақшаға жолдама алуға болады?

Мемлекеттік балабақшада бос орын болмаса, жекеменшік бақшаға мынадай жағдайда орналасуға мүмкіндік бар:

  • егер бала 3-ке толса және одан асса;
  • егер бала кезекте тұрса;
  • балабақшада бос орын болса.