Көкшетауда өткен Ақмола облысын дамыту жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен өңір әкімдігіне бірнеше тапсырма берді.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың соңғы 2 жылдағы тұрғын үй құрылысының қарқынына (900 мың шаршы метр) оң баға беріп, жергілікті жолдар мен көше-жол жүйесінің 880 шақырымы жақсарғанын айтты. Бірақ шешілмеген инфрақұрылым мәселелері бар, мысалы, Сарыарқа арналы газ құбыры бойына салынатын газ тарату желісінің құрылысы.
Үкіметке облыс әкімдігімен бірлесіп, 2020-2021 жылдары Аршалы және Целиноград аудандарында газ тарату желісін салуды тапсырамын, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Ақмола облысында халықаралық қаржы институттарынан несие тарта отырып жылу электр орталығын салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Бұл шамамен 200 миллион доллар болады. Көп қаржы емес. Қарастырып, ұсыныс беріңіздер. Біз Көкшетауда міндетті түрде ЖЭО салуымыз керек, — деді Мемлекет басшысы.
Президент облыстың агломерация аймағының инфрақұрылымына қатысты мәселелерді тездетіп шешу жайында айтып, Қосшы ауылын мысалға келтірді.
Қосшы ауылындағы халықтың санына қатысты үш түрлі дерек бар: нақты есеп бойынша 52,5 мың халық тұрады, үй шаруашылығының тіркеу дәптеріндегі тұрғындар саны — 34 мың, көші-қон қызметі ресми түрде 16,5 мың адамды тіркеген. Бұл — қай тұрғыдан алсаңыз да, қауіпті жағдай. Жақында халық санағы болады. Тұрғындардың саны мен олардың өмір сапасы жайында нақты білуіміз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент аймақты дамытуда кешенді басқару тәсіліне көшу қажет екенін айтты.
Ол үшін Нұр-Сұлтан мен Ақмола облысы әкімдіктері арасындағы жұмыстың өзара үйлесімділігін жандандыру керек, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесте Үкімет пен облыс әкімдігіне 2020 жылы Көкшетауда өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізуге қатысты тапсырмалар берді.