Президент ауыл шаруашылығындағы бірнеше проблеманы атады

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент еліміздің астық өндіретін үш ірі облысында ауыл шаруашылығы бойынша еңбек өнімділігі төмен екенін, олардың үлесі 5 мыңнан 8 мың долларға дейін ғана жететінін айтты.

Ресейде бұл көрсеткіш — 17 мың доллар, ал дамыған елдерде 80-90 мың долларға дейін жетеді, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекет жыл сайын ауыл шаруашылығын дамытуға көп қаражат бөлетініне қарамастан елімізде бидайдан өнім алу деңгейі орташа есеппен гектарына 12 центнерден аспай тұр. Президент Ауыл шаруашылығы министрлігіне аграр өңірлер әкімдіктерімен бірге агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін ұлғайту үшін жетекші отандық әзірлемелер енгізе отырып нақты шараларды қолға алуды тапсырды.

Ауыл шаруашылығы жаңа технологияларды қолдану, автоматтандыру және цифрландыру арқылы дамуда тың серпін алуға тиіс. Егіс алқаптарын ұлғайту үшін ылғал және ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыру қажет, — Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы саладағы негізгі мәселелердің бірі ретінде ауыл шаруашылығы техникасының тапшылығын атады. Сонымен бірге ол егіс алқаптарын игерумен айналыспайтын латифундистерден жерді қайтарып алу туралы тапсырмасын тағы айтты.

Бұл тапсырмам өте баяу орындалып жатыр. Бұдан тапсырманың орындалуын әдейі созып отыр деген ой туады. Мұндай жағдайда қолданатын шаралар симметриялы болады. Ықылассыз орындаушыларға оңай тимейді, — деп ескертті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Ақмола облысындағы жайылым жерлерінің көлемі — шамамен 4,5 миллион гектар, соның 88%-і ғана пайдаланылып отыр. Ал ауыл тұрғындары мал жаятын жер таппай қиналады. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке халыққа берілген жерлерді бақылауға алып, жеке азаматтар мал жаюға мүмкіндік алуы үшін қажет нормативті ұстануды тапсырды.