Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда Владимир Путинмен кездесті

Омбыда Қазақстан мен Ресей арасындағы «Шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың өзекті мәселелері» атты XVI өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екіжақты кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің күш-жігері арқасында іске қосылған өңіраралық ынтымақтастық форумдары шекаралас аймақ деңгейінде өзара әрекеттесудің тиімді құралына айналғанын айтты. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері арасындағы тауар айналымы өзара сауданың 10%-і көлемінен асты. Өндіріс кооперациясы мен ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастық көп жетістікке жеткізген.

Өз тарапымнан бұдан да жоғары нәтижеге жету үшін бар күшімді саламын. Өңіраралық ынтымақтастық форумы өте тиімді, жемісті, әрине, оны болашақта дамыту үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ресей Президенті Владимир Путин өңіраралық ынтымақтастық форумы Қазақстан мен Ресей іргесін біріктіретін дәстүрлі шара екенін айтты.

2003 жылы бұл шара дәл осы Омбыда басталған еді. Бұл тұрғыда бүгінгі кездесудің белгілі бір символизмі бар. Елдеріміз арасындағы қатынас табысты түрде бекіп келеді. Былтыр тауар айналымының өсімі 14% болды. Инвестиция да артып келеді. Енді бұл туралы көбірек сөйлесуге мүмкіндік аламыз. Біз үнемі кездесіп тұрамыз. Дегенмен әрқашан ерекше назар аударуымызды талап ететін тақырыптар бар, — деді Ресей Президенті.

Еске салайық, Омбыда Қазақстан мен Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр. Форум аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бірнеше құжатқа қол қояды.

ДереккөзInform.kz