Алматының полиция департаменті автокөлік жүргізушілеріне үндеу жасады. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Ауа райының нашарлауына, қар жаууына және ауа температурасының төмендеуіне байланысты жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізушілер мен көлік иелеріне көлік дөңгелектерін қысқыға ауыстыруға кеңес береміз, — деп хабарлады Алматы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұратәлиев.
Әкімшілік полиция басқармасы келесі айдан бастап бұл талапты орындамағандар жауапқа тартылатынын ескертті.
Кеден одағы Техникалық регламентінің 8-қосымшасының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» 5.5-тармағы бойынша жаз мезгіліне (маусым, шілде, тамыз) арналған сырғанауға қарсы бұжыртабанды дөңгелектермен жабдықталған көлікті пайдалануға тыйым салынады. Көліктің барлық дөңгелегі қысқыға ауыстырылады. Бұған қоса, 1 желтоқсаннан кейін бұл талапты бұзғандарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 5-бөлігі бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылады, — деп хабарлады
Департаменттің баспасөз қызметі әкімшілік полиция басқармасы Алматыдағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік құралын пайдалануды және олардың техникалық регламенттерге, стандарттарға, ережелер мен көлікті техникалық жағынан пайдалану туралы нұсқаулыққа сәйкес келуін бақылау жөніндегі уәкілетті орган екенін еске салады.
Еске салайық, Алматы тұрғындары мен қонақтарына автокөлік дөңгелектерін қысқыға ауыстыруды бұған дейін Алматы әкімдігі де ескерткен еді.
Тротуарларда, әсіресе әл-Фараби даңғылының жоғары жағындағы жолдың көлік қозғалысы бөлігіне мұз қатып, көктайғақ болуы мүмкін, сондықтан автоәуесқойлар мен жаяу жүргіншілерден қауіпсіздіктің барлық шарасын сақтауды сұраймыз. Жүргізушілерден көлік дөңгелектерін қысқыға ауыстыруды өтінеміз. Көлік жүргізу тәжірибесі аз автоәуесқойлар мұндай күндері автомобильден бас тартқаны жөн, – деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.