Делегацияны Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қабылдады. Ол Олег Капитановпен екі қала арасындағы қарым-қатынасты дамыту перспективаларын талқылады. Тараптар денсаулық сақтау, білім, туризм, мәдениет және ШОБ салаларында ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеуге келісті.
Делегация «Алматы-Санкт Петербург: жаңа мүмкіндіктер аумағы» конференциясына қатысты.
Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров құттықтау сөзін айтты. Ол мәдени шараның Алматы мен Санкт-Петербург арасындағы мәдени қарым-қатынасты дамытуға оң ықпал ететінін атап өтті.
Қазақстан мен Ресейді мәңгілік достық пен бауырмалдықтың келісімшарты бойынша ежелгі тарихи айрықша байланыс біріктіреді. Біздің өзара қарым-қатынасымызды халықаралық қатынастардың үздік үлгісі ретінде бағалауға болады деп ойлаймын. Алматы мен Санкт-Петербург — көршілік қарым-қатынасты нығайтуда үлкен роль атқарады. Біздің екі қаламыз тарихи тұрғыда бір-біріне ұқсас және шын мәнінде өз елдерінің мәдени және іскерлік орталықтары. Екі қала арасындағы бауырмалдық қатынасқа 20 жылдан астам уақыт өтті. Біз бүгін ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға жаңа серпін береміз, — деді Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.
Алматыдағы Ресей Федерациясының Бас консулы Евгений Бобров Ержан Бабақұмаровтың сөздерімен толықтай келісетінін айтып, Қазақстан мен Ресей бірлескен жұмысты одан әрі жандандыруы тиіс деп толықтырды.
Жаңа ғана айтылған сөзді толық құптаймын, біздің екі мемлекетіміз тек стратегиялық одақтастар емес, тең тұрғыдағы серіктестер. Расында біздің ортақ әрі өте бай тарихымыз бар. Біздің басты міндетіміз — ата-бабаларымыздан қалған барлық құндылықты сақтап қана қоймай, оларды байыту және өзара байланысымызды жақсарту, — деді Алматыдағы Ресей Федерациясының Бас консулы Евгений Бобров.
Ол Алматы мен Санкт-Петербург арасында ұқсастық көп екенін айтты. 2018 жылы Ресей мен Алматы арасында тауар айналымы 4,7 миллиард доллар болды.
Санкт-Петербург үкіметінің мүшесі — ұлтаралық қатынастар және көші-қон саясатын іске асыру комитетінің төрағасы Олег Капитанов Алматы мен Санкт-Петербургтың бірдей тұғырлы алаңда тұрғанын айтты.
Біздің делегацияның құрамында мәдени қауымдастық, білім өкілдері, бизнесмендер бар. Алматыға Санкт-Петербургтың ең озық компаниялары келді. Миссия — тек мәдени-танымдық сипатқа емес, бизнесте, білім мен гуманитар жобаларда ұзақ мерзімді әрі екі жаққа да пайдалы шынайы практикалық байланыстарды орнату, — деді Олег Капитанов.
Санкт-Петербург миссиясының делегаттары Алматы әкімінің кәсіби басқармалары басшыларымен сауда-экономикалық ынтымақтастық әлеуетін, өзара байланыс пен мектеп жасына дейінгі, жалпы, қосымша және кәсіби білім беру жүйелеріндегі бірлескен жобаларды іске асыруды талқылады. Бұған қоса, гуманитарлық ынтымақтастықтың, соның ішінде мәдениет және туризм салаларындағы серіктестіктің потенциал мәселелері енгізілді.
Миссия аясында Санкт-Петербург туралы әдебиетті ҚР Ұлттық кітапханасына салтанатты түрде тапсыру рәсімі және «Квинтет Четырех» музыкалық ұжымы мен Мария театрының солисі Леонид Захожаевтың мерекелік концерті де өтті.