Жаңа оқу жылынан бастап мектепте смартфон ұстаудың жаңа талабы енуі мүмкін. Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың сабақта телефон қолдануын реттейтін бірыңғай ереже әзірлеп жатыр. Министрлік балалардың әлеуметтік желіде жеке парақша ашуына қатысты жас шектеуін енгізу мүмкіндігін де қарастырып жатыр.
Бұл өзгеріс не үшін қажет? Жаңа тәртіп қалай істейді? Ата-ана мен мұғалімдердің бұл бастамаға көзқарасы қандай? Baribar.kz мәселені саралап көрді.
Телефонға тыйым салу қалай реттеледі?
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап балалардың сабақта смартфон ұстауы белгілі ереже бойынша реттеледі.
«Қазіргі уақытта смартфон ұстауды реттеуге қатысты ережелер бар. Меніңше, жоғары кластарға көптеген пән онлайн-платформалар арқылы өтеді. Мысалы, ҰБТ-ға немесе басқа да емтихандарға дайындық кезінде қажет болуы мүмкін, бұны мұғалімдер қауымдастығымен әлі де талқылаймыз. Ал басқа жағдайларда, 7-класқа дейінгі балалар сабақ уақытында смартфонын өткізуге тиіс», – деді министр Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің сөзіне сүйенсек, жаңа талап барлық класқа бірдей емес. Себебі жоғары класс оқушылары білім беру платформаларын, онлайн тестілерді және цифрлық ресурстарды жиі пайдаланады. Бұл мәселе педагогтермен бірге қосымша талқыланып жатыр.
Әлем тәжірибесі не деді?
Қазақстан смартфон қолдануды шектеп жатқан алғашқы ел емес. ЮНЕСКО-ның мәліметінше, бүгінде әлем елдерінің жартысынан астамында мектепте смартфон қолдануға толық немесе ішінара тыйым салынған. Франция бұл талапты 2018 жылы енгізсе, Нидерланд 2024 жылдан бастап ұлттық деңгейде шектеу қойды. Ал Аустралияның бірқатар штатында мұндай шешім қабылданғаннан кейін оқушылардың сабаққа зейіні артып, кибербуллиң азайғаны байқалған.
Ата-ана мен мұғалімдердің пікірі қандай?
Алматы тұрғыны Зарина Қалменова бұл өзгерісті қолдайтынын айтады.
«Бұл өзгерісті толық қолдаймын. Балалар мектепке, ең алдымен, білім алу үшін барады. Сондықтан сабақ кезінде телефон қолданбауға тиіс. Бұл олардың бір-бірімен көбірек араласып, сабаққа белсенді қатысуына әсер етеді», – дейді төрт баланың анасы Зарина Қалменова.
Ал Алматы облысының бастауыш класс мұғалімі Гүлдерай Абайқызының айтуынша, олардың сыныбында бұл тәжірибе бұрыннан бар.
«Менің класым онсыз да телефон ұстамайды, өзім де қарсымын. Ата-аналар да мені қолдайды», – дейді мектеп қызметкері Гүлдерай Абайқызы.
Бұл пікірлер мектеп қауымдастығының бір бөлігі жаңа бастаманы қолдайтынын көрсетеді.
Ереже бұзылса, не болмақ?
Бір айта кетерлігі, бала сабақ үстінде смартфонмен ұсталып қалса, ата-анаға бірінші ескерту жасалады. Егер жағдай қайталанса 5 АЕК көлемінде – 19 660 теңге айыппұл салынады.
Әлеуметтік желілерге де жас шектеуі енгізіле ме?
Министрлік мектепте смарфтон қолдануды реттеумен ғана шектелмейді. Қазір балалардың әлеуметтік желілердегі аккаунтына қатысты да жаңа талаптар қарастырылып жатыр.
Оқу-ағарту министрі бұл бағыттағы жұмыстардың Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп жүргізіліп жатқанын айтты.
«Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, балаларға әлеуметтік желіде неше жастан бастап аккаунт ашуға рұқсат беру керек екені туралы мәселені қарастырып жатырмыз. Бұл сұрақ әлі жабылмады, мұны да талқылап, көптеген жағдайды, соның ішінде буллиң пен кибербуллиң мәселелерін талдаймыз», – деді министр Жұлдыз Сүлейменова.
Бұл бастама қабылданса, болашақта балалардың әлеуметтік желі пайдалануына қатысты да жаңа талаптар енгізілуі мүмкін.
Бұл өзгеріс не береді?
Жаңа ереже тиімді іске асса, мектептегі оқу процесіне оң әсер етуі ықтимал. Сарапшылар смартфонды сабақ кезінде шектеу оқушылардың зейінін сабаққа аударып, білім сапасын арттыруға ықпал етуі мүмкін екенін айтып отыр. Сонымен қатар балалардың өзара қарым-қатынасы күшейіп, әлімжеттік пен кибербуллиңнің алдын алу бағытындағы жұмыстар да жүйелене түсуі мүмкін.
Дегенмен жаңа тәртіптің қаншалық тиімді болатыны оның қалай іске асырылатынына байланысты. Алдағы уақытта министрлік әзірлеп жатқан бірыңғай ережеде смартфон қолдану тәртібі, оны ерекше жағдайда пайдалану мүмкіндігі және ата-ананың жауапкершілігі нақты айқындалуы маңызды.
