National Geographic Қазақстандағы туризмге арналған ең үздік бағыттар байқауын жариялады

«Бұл – National Geographic Traveler Words халықаралық сыйлығындағы бірлескен жобамыз. Яғни осы жылы Қазақстан, атап айтқанда «Астана ЭКСПО-2017» серіктес болып отыр. Бұл өте маңызды оқиға, туристік саланың «Оскары» десе де болады. Жоба аясында ағымдағы жылдағы демалыстың ең танымал түрлері арасында алдыңғы қатарлы туристік бағыттардың рейтингі анықталады. Осы жылы біз Қазақстан үшін бөлек номинация тағайындап отырмыз. Бұл қосымша байқау аясында біз аудиторияға, оқырмандарға Қазақстан бойынша ең қызықты көрікті жерлер және бағыттар туралы әңгіме жіберуді ұсынамыз. Мұндай әңгімелер, мәселен, елдегі көпшілікке белгісіз бір жерлер туралы да болуы мүмкін. Қазылар алқасы ең қызық шығарманы таңдап алады. Жеңімпаз жеке сыйлыққа ие болады. Оған Қазақстанға бару және «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалау мүмкіндігі беріледі. Бұған қоса біз аталған номинацияны қолдау мақсатында сайтта жеке бөлім ашып, райтерлеріміз бен фотографтарымыз әзірлейтін түрлі репортаждар жариялаймыз. Алуан түрлі оқиғалар дайындау үшін, осы бір таң қаларлық, тамаша және ерекше ел туралы әңгімелеп беру мақсатында біз тұрақты түрде Қазақстанға адамдар жіберіп отырамыз», — деді National Geographic Traveler бас редакторы Ольга Яковлева Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Бас редактордың сөзіне қарағанда, бұған қоса жоба аясында «Қазақстан келешек энергиясы» атты жеке фотобайқау өтуде. Жеңімпаз Қазақстан бойынша жүретін National Geographic фото-экспедициясына қатысу, сондай-ақ журналдың шеф-фотографы Андрей Каменевтен шеберлік сабағын алу мүмкіндігіне ие болады.

Жалпы алғанда National Geographic Traveler Words сыйлығы бойынша 23 номинация қарастырылған. Ресейде байқау алтыншы жыл қатарынан өтіп отыр. Финалға шығатын үміткерлерді анықтау 28 қыркүйекте басталды және 6 қарашаға дейін жалғасады. Жүлдегерлердің есімін атауға арналған салтанатты шара 17 қараша күні Мәскеуде өтеді.

Ольга Яковлева Астанада өтетін халықаралық мамандандырылған көрмеде жарияланған «келешек энергиясы» тақырыбы оқырмандарының қатары 15 млн адамға жететін National Geographic форматына дәл келіп тұрғандығын атап өтті.

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ілгерілету және туризм департаментінің директоры Роза Асанбаева өз кезегінде осы жылы Қазақстанға деген қызығушылықтың артып отырғандығын айтты. Әсіресе шетелдіктер арасында Алматы, Алматы облысы, Бурабай, Байқоңыр, Маңғыстау және Балқаш көлі сұранысқа ие болып отыр екен.

«Туристік операторларға қарап қызығушылықтың қаншалықты үлкен екендігін көріп отырмыз. Бұл жағдайға «ЭКСПО-2017» көрмесі үлкен ықпал етті. Себебі аталған көрме – бүкіл ел болып қолға үлкен ұлттық жоба. Біз қазір аталған қарқынды төмендетіп алмай, біртіндеп алға жылжудың, көрмеден кейінгі әсерді сақтап қалып, жалғастырудың мысалын көрсетудеміз», — деді Роза Асанбаева.