Алматы әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайын ба?

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Алматыдағы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев айтты.

2019 жылы медициналық қызметтің бюджеті 116,8 миллиард теңге болса, 2020 жылға 160,4 миллиард теңге жоспарланып отыр. Қаржыландырудың өсуі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге байланысты, — деді Тілеухан Әбілдаев.

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазірдің өзінде сақтандыру жүйесін енгізуге қатысты норматив-құқық базасы жасақталып, медициналық қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі бекітілген.

Алматының Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы қалада күні бүгінге дейін мәртебесі анықталмаған 55 мыңнан астам азамат бар екенін айтты.

Өздігінен жұмыс істейтін халықтың мәртебесін анықтау бойынша жұмыс жүріп жатыр. Қазіргі кезде қала бойынша жай-күйі белгісіз азаматтарға мына санаттағылар жатады: жалданбалы жұмысшылар — 12 мың адам, өз бетінше жұмыс істейтіндер — 15,6 мың адам, тіркелмеген жұмыссыздар — 8,8 мың адам. Бүгінге дейін 5,9 мың адам бірыңғай жиынтық төлемін төледі, — деді Данияр Әлкебайұлы.

Еске салсақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарында толық енеді. 2020 жылдың 31 наурызына дейін Қазақстанның әр азаматы мәртебесіне қарамай медициналық сақтандыру жүйесі бойынша медициналық көмек алуға құқылы.