Қазіргі уақытта Президенттің жастар кадр резервіне іріктеудің екі кезеңі аяқталды. Резервке тұруға барлығы 13 212 адам өтініш берген. Олардың 7 312-і тіркеуді толық аяқтаған. Үміткерлердің арасында шетелде жүрген Қазақстан азаматтары да бар. Әсіресе Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Түркия сияқты елдерде жүрген Қазақстан азаматтарынан көп өтініш түскен. 3-кезеңге 549 үміткер өтті. Толық тізімді Pkrezerv.kz сайтынан көруге болады.

Президенттің жастар кадры резерві
Іріктеу нәтижесінің скрині. Фото: Pkrezerv.kz

Жастар кадр резервіне Қазақстан Республикасының 35 жастан аспаған, жоғарғы білімі және бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар азаматы алынады. Қазақстан Президенті тағайындаған мемлекеттік қызметшілер резервке іріктеуге қатысуға жіберілмейді.

Президенттің жастар кадр резервіне кімдер алынады?

Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің мүшесі, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының төрағасы Максим Споткай — 3-кезеңге өткен үміткердің бірі. Оның жасы 27-де.

Максим Споткай
Максим Споткай. Фото: Liter.kz

Мен үшін жастар кадр резервіне өту атақ немесе жақсы қызмет емес, бұл — мүмкіндік. Екі тестілеуден өттік. Тестілеуде қиын сұрақтар болған жоқ. Бірақ ҰБТ болсын, IELTS болсын, дайындықты қажет етеді. Сол сияқты бұл тестілеуге дайындалдым. Осы аптаның соңына дейін еліміздегі проблемаларды айтып, олардың нақты шешімін көрсетіп, сол туралы презентация дайындауымыз қажет. Содан кейін эссе жазу, құзыреттерді бағалау, сараптама комиссиясының мүшелерімен сұхбат сияқты тапсырмалар бар, — деді Максим Споткай.

Президенттің жастар кадр резеврі 5 жылға жасақталады. Жастар кадр резервіне өткен 300 жас бірден шенеунік болмайды. Бұл туралы Үкметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова айтты. Оның сөзіне қарағанда бұл резерв жастардың мемлекеттік қызметке қабылданатынын білдірмейді, есесіне олардың өте күрделі сыннан іріктелген мықты маман екеніне айғақ болады.

Басты мақсатымыз — жастар кадр резервіне білімді, кәсіби білігі жоғары 300 жасты іріктеу. Мемлекеттік органдарда немесе квазимемлекеттік секторларында жақсы қызмет істеп жүрген азаматтарды жастар кадры резервіне кірді екен деп, бірден көтермейді. Ал қазір онсыз да жақсы қызметте істеп жүрген азаматтарды жоғары қызметке тарту мақсаты жоқ. Олар бағын сынап көрді. Қазір ол мемлекеттік қызметте отыр және барлық кезеңнен өтіп, Президенттің жастар кадр резервіне өтсе, ол мемлекеттік қызметте бекер отырған жоқ деген сөз, — деді Анар Жайылғанова.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл «кадр резервіне шенеуніктер ғана алынып жатыр» деген қауесет туралы түсінік берді. Оның айтуынша, бекітілген талапқа сай бұл байқауға Қазақстанның кез келген азаматы қатыса алды.

Біздің ешкімді шектеуге құқымыз жоқ. «Үшінші кезеңге өткен 549 үміткердің бәрі — мемлекеттік қызметкер» деген қате түсінік. Үміткерлердің 1/5 бөлігі ғана — мемлекеттік қызметкер. Ал көп бөлігі — квазимемлекеттік секторларда, жеке компанияда жұмыс істейтіндер. Неге адамдар мемлекеттік қызметкерлерді ғана көреді? Өйткені олар елдің алдында жүр. Олар халықпен сөйлеседі, әлеуметтік желіде жариялайды. Бірақ мемлекеттік қызметкерлердің аз екенін айтқым келеді, — деді Ерлан Әбіл.

Кадр резервіне іріктеумен айналысушы ұлттық комиссия өкілдерінің айтуынша, байқауда үміткерлердің бәріне бірдей тапсырма берілген жоқ. Анар Жайылғанова тест сұрақтарының жария болуы туралы әңгімені жоққа шығарды.

Егер мұндай нақты факт болса, біз жауап беретін едік. Өкінішке қарай, ешкім мұндай фактіні көрсете алмады. Тестілеу аяқталып, үміткерлер нәтижені алған соң мұндай ақпарат бәрінде болды. Бірақ ол кезде мұның ешқандай маңызы болған жоқ.  Өйткені тестілеу аяқталды және ол енді ешкімге көмектеспейді. Одан кейінгі кезеңде мүлдем басқа тапсырма болады, — деді Анар Жайылғанова.

Президенттің жастар кадр резервіне іріктеу бойынша ақпараттық жүйе әзірлеуші компанияның өкілі Дана Жақыпова да тестілеудің мейлінше әділ өткенін айтты. Бірақ, оның айтуынша, өздерінің байқаудан қалай өткені туралы толық, шынайы ақпарат беруге кандидаттардың бәрі бірдей салмақты қарамаған болып шықты.

Барлық үміткердің тіркеу кезінде жеке кабинетін ашу мүмкіндігі болды. Онда үміткер жеке мәліметтерін көрсетеді. Сонда «Мен туралы» деген бөлім болды. Барлық үміткерге ондағы фотосурет пен ақпараттың жария етілетіні алдын ала ескертілді. Бұл жерде үміткер өзінің қаншалықты кәсіби деңгейі мықты екенін және «Неге дәл сізді таңдауымыз керек?» деген сұраққа бірнеше сөйлеммен жауап беруі керек еді. Өкінішке қарай, үміткерлердің бәрі бірдей мұндай деңгейге дайын болмай шықты. Бізге мұны өшіруге тура келді. Өйткені «Мен туралы» деген бөлімде «Я красавчик!» немесе «Умная и трудолюбивая» деген ақпараттар болды. Сол себепті барлық процеске екіжақты көзқараспен қарау керек, — деді Дана Жақыпова.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік қызметке жаңаша ойлайтын, қазіргі заманғы трендтерді білетін жастарды тарту қажет екенін айтқан еді. Осыдан кейін елімізде алғаш рет жастар кадр резервін жасақтау жұмысы басталды.

(Иллюстрация: Work.ua)

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!