Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея өкілін қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда өткен «Орталық Азия – Корея Республикасы» форумның 12-отырысына келген Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Кан Гён Хваны қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар екіжақты стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы мен перспективасы, жоғары деңгейде жасалған уағдаластықтардың жүзеге асуы жайында пікір алмасты.

Президент Мун Чжэ Иннің сәуір айындағы сапары өте жемісті болды. Сапарда қол қойылған «Самал жел» бағдарламасы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін береді деп санаймыз. Біз экономика және бизнес салалары бойынша ықпалдастықты одан әрі арттыра беруге ниеттіміз,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оңтүстік Корея дипломаты елінің Президенті Мун Чжэ Иннің сәлемін жеткізіп, Қазақстанмен серіктестікті екіжақты, өңірлік негізде де әрі қарай дамытуға дайын екендерін растады.

Келесі жылы біздің елімізге жасайтын сапарыңызды асыға күтеміз. Біздің Президентіміздің Қазақстанға жасаған сапарының нәтижесі өте жемісті болды. Осы сапар аясында қол жеткізілген уағдаластықтар өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтудың нақты бағыттарын айқындады. Оны екі мемлекеттің тиісті органдары сәтті іске асырып жатыр. Барлық мәселе өз жолымен дамып жатыр. Сіздің Оңтүстік Кореяға жасайтын сапарыңыз ынтымақтастығымыздың жаңа көкжиектерін ашады деп сенеміз және ол үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз, — деді Кан Гён Хва.