Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы дамытуға қатысты қандай тапсырмалар берді?

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 15 қазан күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен экономика мәселелері жөнінде кеңес өтті.

Жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жоспарланған меженің орындалуы, қаржы-несие саясатын жүзеге асыру, атаулы әлеуметтік көмек реформасы, әлеуметтік даму және жұмыспен қамту мәселелері қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтер баяндама жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жалпы елде макроэкономика жағдайы тұрақты, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің динамикасы оң нәтиже көрсетіп тұр. Алайда отандық экономиканы әртараптандыру, өнімді жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік көмектердің қолжетімді болуы сияқты мәселелер әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ.

Президент әлемдегі әртүрлі жағдайды ескере отырып, нақты есептелген, елдің макроэкономикадағы, қаржыдағы және әлеуметтегі тұрақтылықты сақтау жөнінде кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар «Қазақстан-2050» Стратегиясының қазіргі кезеңде іске асуы тиіс міндеттемелерін орындау қажет екенін айтты.

Президент мемлекеттік шешімдер қабылдағанда сараптамалық жұмыстарды түбегейлі күшейту керек екенін атап өтті.

Президент шағын және орта бизнес экономиканы әртараптандыру ісінде тірек күшке айналу керек деп санайды. Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасы өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу секторындағы құлдырауды тоқтатып, жаңа өнімдерді шығаруға мүмкіндік ашқанымен экономика саласында түпкілікті серпіліс болған жоқ деп есептейді.

Еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есе арттыруға және өңделген қазақстандық өнімнің экспортын едәуір өсіруге басымдық берілуі тиіс. Үкімет дайын өнімнің экспортын 2022 жылы 1,5 есе, 2025 жылы екі есе арттыруы қажет, – деп тапсырды Президент.

Мемлекет басшысы өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті технологиялық дамыған ең кемінде үш-бес саланы қалыптастыру керек екенін айтты.

Индустрияландыру барысын жергілікті және шетелдік сарапшылар жіті бақылап отыр. Бұған дейінгі бағдарламаларға олар байсалды қараған еді. Бізге индустрияландыру идеясының беделіне нұқсан келтіруге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ЕАЭО аясындағы экономикалық интеграция еліміздің экономикалық әлеуетін дамытуға септігін тигізеді. Президент ЕАЭО ұйымында біздің елдің мүддесін нығайту мақсатында сараптама жұмыстарды күшейтіп, өнімдерін еуразиялық нарыққа экспорттайтын отандық тауар өндірушілерді қорғау қажет екенін атап өтті. Ол инвестиция тарту ел экономикасын жаңғыртудың аса маңызды міндеті болып саналатынын да айтты.

Біз инвестициялық ахуалды үнемі жақсартып келеміз. Бірақ  мұндай жағдай инвестиция көлеміне қаншалықты әсер етіп отыр? Неге айтарлықтай серпін байқалмайды? Шетел инвестициясын тартуда тек фискал ынталандырулар ғана маңызды емес. Ішкі нарық ауқымының тарлығы, тауарды экспортқа шығарудың қиындығы, орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органдар іс-әрекеттерін үйлестірудің жеткіліксіздігі – жүйелі проблемалар, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бүкіл өңірінде өнімді сөрелерге дейін жеткізудің тетіктерін дамытуды қамтамасыз етуді, экономиканың барлық саласында ұлттық тауарларды жеткізу жүйесін қалыптастырып, оны дамыту үшін кешенді қадамдар жасауды тапсырды.

Бізде экспортқа қолдау көрсететін негізгі үш оператордың — «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, KazakhExport ұлттық компаниясы және QazTrade компаниясының көптеген тетігі бар. Экспортқа қолдау көрсетудің барлық шарасын «бірыңғай терезеге» біріктірудің қажеті жөнінде айтып жүрміз. Мен Үкіметке шетелге тауар шығарушылар арасында кәсіби сауалнама жүргізіп, проблеманың тұстары мен қордаланған мәселелерді анықтауды, осының негізінде мемлекеттік қолдаудың тетіктерін қалыптастыруды тапсырдым. Сіздер ұйымдастырушылық шешімдер де қабылдайды деп сенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы фискал саясат жөнінде айта келе, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді біртіндеп азайту қажет деген пікір білдірді. Дегенмен оған аса қажет туындаған жағдайда ғана жүгіну керек екенін айтты.

Үкімет бірінші кезекте республикалық бюджеттің кіріс бөлігіне назар аударуы қажет. Ұлттық банк Ұлттық қордағы инвестициялық табыстың түсімін арттыру мақсатында қаражатты басқару жолдарын қайта қарастыруға міндетті. Активтерді дұрыс басқару Ұлттық қордың көлемін айтарлықтай арттыра алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент коммерциялық банктердің пайда табу мақсатында қаржыны тұтынушылық несиеге қарай бұрып, бизнесті несиелеу көлемін төмендетіп жібергенін сынға алды.

Ұлттық банк осы саясатқа шұғыл өзгеріс енгізуі тиіс. Қаржы реттеушісінің мәліметі бойынша, экономиканың әр секторының 50%-тен астамы – банктердің мүдделерін көздейтін орнықты әрі қаржылай тәуелсіз кәсіпорындар. Алайда олар банк несиелерін тартуға құлықсыз. Неге? Мүмкін коммерциялық банктер белгілейтін шарттарды ол кәсіпорындар тартымсыз деп санайтын шығар. Қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету мен нақты секторды несиелеуді дамыту туралы таңдаудың алдында тұрған Ұлттық банк тиімді шешімдер қабылдауы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент 2030 жылға дейінгі ақша-кредит саясаты Стратегиясын жасауды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкті коммуникация мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жақсартуға шақырды. Бұл нарыққа қатынасушылар мен тұрғындардың сенімін арттырып, девальвация жайындағы дақпырттарды болдырмайды.

Мемлекет басшысы бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ.

Әрбір қазақстандық азамат баспананы сатып немесе арендаға алу перспективасын, оны сатып алу шарттарын анық түсінуі керек. Ол үшін тұрғын үйдің қолжетімді болу өлшемдерін анықтап, құрылыстың өзіндік құнын жүйелі түрде төмендетіп, көппәтерлі және жеке баспананың аражігін ажыратып, пәтерді жалға беру нарығын реттеу қажет,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Президент негізгі басымдықтар мен қабылданған шешімдер өз дәрежесінде іске асса, экономикалық өсімнің қарқыны мен сапасын арттыруға, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға мүмкіндік беретінін айтты.