Бақытжан Сағынтаев: Жазушылар одағының ғимараты жөнделеді

Бақытжан Сағынтаев ақын-жазушыларға қолдау көрсетуді Жазушылар одағының ғимаратын жөндеуден бастайтынын айтты.

Ғимараттың тозғаны көрініп тұр. Смета жобасы бекітілді. Бюджеттен 250 миллион теңге бөлдік. Құрылыс басқармасының өкілдері ғимаратты көріп кеткен соң мәдениет басқармасы жөндеу жұмысына конкурс жариялайды. Одақтың жері жалға берілген. Оны Жазушылар үйінің қарамағына өткіземіз. Бірақ ғимараттың өзі жалға алынып тұр. Алдымен оны жекеменшікке аударамыз. Содан кейін жер де одақтың өзіне тиесілі болады, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Биыл — Жазушылар одағына 85 жыл. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, әкімдік  одақ тарихынан сыр шертетін «Әдеби өңір шежіресі» және «Қазақстан жазушылар анықтамалығы» кітаптарының жарыққа шығуына қолдау көрсетеді. Сонымен бірге «Алматы» телеарнасы ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығына арналған жоба әзірлейді.

Мерейтой аясында өміршең шығармаларды дүниеге әкелген сөз зергерлері туралы бейнероликтер циклын шығаруға тапсырма бердім. Әр хабар әлеуметтік-танымдық сипат алады, — деді әкім.

Бақытжан Сағынтаев «Қазақ әдебиеті» газетінің қаржы жағдайын көтеруге де қолдау көрсететінін айтты. Мерейтойға орай бюджеттен ақша бөлініп, газеттің жағдайы жақсаратынын атап өтті.

Қала әкімі әдебиет өкілдеріне арналған халықаралық байқау өтетінін хабарлады.

Алматы — елдің өнері мен мәдениетінің қарашаңырағы. Қаланың тарихын көпшілікке дәріптеу мақсатында 2020 жылы  халықаралық «Алматы — еліміздің өркениет ордасы» атты әдеби-жанрлық байқау өткіземіз. Одақ байқауды ұйымдастыруға белсене қатысады деп үміттенеміз, — деді әкім.

Қала басшысы қаламгерлер қаламақысының аз екенін айтты. Оны біртіндеп шешу үшін қыркүйек айынан бастап 30 ақын-жазушыға грант беріледі. Грант алған қаламгер каржыны кітап шығару ісі сияқты шығармашылық еңбекке жұмсауы керек. Әкім грант  көлемі мен иегерлерін анықтауда одақтан ұсыныс күтетінін айтты.

Сонымен бірге драматургтарды қолдау мақсатында ересектер мен балаларға арналған драматургия шығармалары байқауын ұйымдастыруды ұсынды.

Жазушылар одағына байқау ұйымдастыруды ұсынамын. Жеңімпаздарды анықтауда барынша ашықтықты ұстанғандарыңызды қалаймын. Бірінші орын беруге лайық шығарма болмаса, ол орын берілмесін. Жеңімпаздарды да сіздер анықтайсыздар. Үздік пьесаларды театрда сахналауға бюджеттен қосымша қаржы қарастырылады, — деді Бақытжан Сағынтаев.