Өнер зерттеушісі 2013 жылы көше жарнамаларының қазақ тіліндегі грамматикалық қателерін анықтайтын еріктілер тобын құрған. Топ құрамында А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚызҰПУ-дың оқытушылары бар.

Жоба авторының айтуынша, сыртқы жарнамалардағы негізгі қате – орыс тілінен тікелей аудару. Мысалы, “үлкен рахмет” – орыс тіліндегі “большое спасибо” сөзінің калькасы. Дұрыс нұсқасы – “көп рақмет”. Еріктілер тобы жоба аясында көше жарнамаларындағы грамматика мен стиль қателерін және қазақ тілінің талабына сай келмейтін сөзбе-сөз аудармаларды түзетуді талап етіп келеді. Олардың бірқатары төмендегідей:

Kieli7su.kz сайты
Фото: Kieli7su.kz
  • Алматы марафонының “Беги за ощущениями” ұраны “Сезімге қарай жүгір” деп аударылыпты. Бұл – калька. Оны “Әсер алуға ұмтыл” деп те аударуға болар еді.
Kieli7su.kz сайты
Фото: Kieli7su.kz
  • Tele2 ұялы байланысы көшеге “Зачем докупать? Можно просто обменять” – “Қосымша сатып алудың қажеті не? Жай ғана ауыстыруға болады” деген жарнама ілген. “Докупать” деген сөз қазақша-орысша сөздікте “қосымша сатып алу” деп аударылған. Байланыс компаниясы да сыртқы жарнамаға осы сөзбе-сөз нұсқаны қолданып отыр. Оны “артық сатып алып не керек”, “көп сатып алып не керек” деп аударуға болар еді. Оның үстіне, жоба өкілдерінің пікірінше, “қосымша” сөзі көбіне орыс тіліндегі “приложение” сөзінің аудармасы ретінде қолданылады.
Kieli7su.kz сайты
Фото: Kieli7su.kz
  • Билбордтарда әлі күнге дейін “Рахмет” деп жазылып жатыр. Бұл дұрыс емес. Орфография сөздігі бойынша “Рақмет” деп жазылуы керек.
activ жарнамасы
Скриншот
  • “Көбірек нәрсеге лайық адамдар үшін!” – “Для тех, кто достоин большего!”. Аctiv ұялы байланысының бұл жарнамасы да сауатты аударма болмай тұр.
  • Beko сауда маркасының жарнамасы: “Neo Frost технологиясы балғындықтың мерзімін ұзартады”. “Дополнительное время свежести с технологией Neo Frost” деген слоганның қазақшасы.
Қате жарнама
Фото: Земфира Ержан
  • FuseTea сусыны “Бір татқаннан махаббат” слоганын жария еткен. Ол – “Любовь с первого глотка” слоганының калькасы.

Земфира Ержан
Земфира Ержан. Фото жеке архивінен

Басқа да көп мысал мен азаматтық жобаның жарнама копирайты сапасын арттыру жөніндегі жұмысын Kieli7su.kz сайтынан көруге болады.

“Қалалық орта” жобасы 2013 жылдың 14 сәуірінен бастап жұмыс істеп келеді. Оны “Сауатты қала – қазақ жарнамасына 40 күн” деген атаумен әкімдіктің қарауына ұсынып отырмыз. Бұл жобаны бастағанда маған А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының директорының орынбасары Анар Фазылжанова мен аудармашы, баспагер Дәріжан Базарбаева қолдау көрсетті. 2015 жылы қазақ тіліне жанашыр адамдардың басын қосып еріктілер тобын құрдық. 6 жыл өтсе де, әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Билік өкілдеріне қазақ тіліндегі жарнамаларға түзету енгізу туралы хат жаздым. БАҚ өкілдері бұл жобамды қолдап, әкімдікке ұсынса деген ой бар, – дейді жоба авторы, өнертанушы Земфира Ержан.