Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония халқына көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Жапониядағы «Хагибис» тайфунынан қаза тапқандардың және жарақат алғандардың қайғыларына ортақтасты.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэге көңіл айту жеделхатын жолдады.

Қазақстан халқының және өз атымнан жақындарынан айырылған отбасыларға қайғырып, көңіл айтамын. Апаттан зардап шеккендердің тезірек сауығуын тілеймін, — делінген жеделхатта.

Айта кетейік, мұның алдында «Хагибис» тайфунынан 36 адам қайтыс болғаны хабарланды. 186 адам дене жарақатын алған, 15 адам хабар-ошарсыз кеткен. Бұл туралы «Риа Новости» ақпарат агенттігі жазды.