Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев Ильхам Әлиевпен және Сооронбай Жээнбековпен кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті.

Елбасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев түркі интеграциясын одан әрі тереңдетудің маңызын айтты.

Қазақстан — түркі әлемінің барлық елімен серіктес. Кеңестің көп институтын құруға бастамашы болдым. Ең маңыздысы — елдеріміз арасындағы бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Сооронбай Жээнбеков
Нұрсұлтан Назарбаев және Сооронбай Жээнбеков. Фото: Elbasy.kz

Сооронбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі елдері арасындағы ынтымақты нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің құрметті төрағасы мәртебесіне ие болуымен құттықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен де кездесті. Кездесуде Тұңғыш Президент екі ел қатынасының дамуындағы оң динамиканы атап өтті.

Бұл — Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретінде сіздерге алғаш рет келуім. Елімізде экономикалық даму бағдарламаларын жүзеге асыру және тәуелсіздікті нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. Біздің қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Қазір  ынтымақтастықты кеңейтуге біраз мүмкіндік бар. Сауда көлемін арттыру маңызды. Біз тиіс логистиканы құрдық. Ертең Түркі кеңесінің отырысы өтеді. Мен құрметті төраға мәртебесін қуана қабылдадым, өйткені мемлекеттеріміздің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосуды жалғастырғым келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Ильхам Әлиев
Нұрсұлтан Назарбаев және Ильхам Әлиев. Фото: Elbasy.kz

Ильхам Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі кеңесінің отырысына келгені үшін алғыс білдірді және оның екіжақты қатынастарды нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Президентін Әзірбайжан жерінде қарсы алу бізге зор мәртебе. Сіз — Әзірбайжанның үлкен досысыз. Көп халықаралық мәселеде әрқашан біздің елімізді қолдадыңыз. Сіздің түркі тілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы үлесіңіз зор. Мерейтой саммитінің Бакуда өтіп жатқанына өте қуаныштымыз, — деді Ильхам Әлиев.

Сонымен қатар Ильхам Әлиев Қазақстан астанасының салынуы Баку қаласының дамуына үлгі болғанын айтты.

Қазақстан астанасының тез өзгергенін байқадым. ЭКСПО көрмесін тамашалаған кезде құрылыстың ауқымы мен сәулет шеберлігіне тәнті болдым. Қазақстанның барлық жетістігі сізбен байланысты, — деді Ильхам Әлиев.

Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Бакуда жүр. Тұңғыш Президент Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің VII саммитіне қатысады.