Дархан Қыдырәлі Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті

Кездесуде білім және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық туралы айтылды.

Сооронбай Жээнбеков, Дархан Қыдырәлі
Фото: Inform.kz

Қырғызстан Президенті Түркі академиясына 2018 жылы Шыңғыс Айтматовтың 90-жылдығына орай өткен іс-шараларды ұйымдастыруға және “Манас” эпосын дәріптеуге ат салысқаны үшін алғыс білдірді. Кездесуге Түркі Академиясының мүшесі, профессор Қыдырәлі Қонқобаев қатысты.

Сонымен қатар Сооранбай Жээнбеков түркі әлемінің ұлы тұлғаларына, ортақ тарихы пен мәдениетіне арналған халықаралық конференция, форум мен семинар өткізудегі академияның белсенді жұмысына ризалығын білдірді. Ол мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың бауырлас елдер арасындағы интеграцияны нығайтуда маңызы зор екенін айтты.

Президент Сооронбай Жээнбеков Жүсіп Баласағұнның “Құтты білік” еңбегінің 950 жылдығына арналған халықаралық конференцияның жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.

Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Қырғызстан Президентіне академияның атқарып жатқан істері мен маңызды міндеттерін таныстырды. Дархан Қыдырәлі түркі тарихы мен мәдениетін әрі қарай кең таныта түсу мақсатында Қырғызстанның ғылыми және білім беру ұйымдарымен әріптестік байланысты тереңдетуге дайын екенін білдірді.