Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыртуымен жыл сайын өтетін «Валдай» халықаралық пікірталас клубының XVI пленар сессиясына қатысты.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы шараға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан тарихи және географиялық орналасу жағынан Шығыспен де, Батыспен де байланыс орнатқанын атап өтті.
Біз ислам, конфуция және шығысхристиан өркениеттерінің тоғысында орналасқанбыз. Ұлы Жібек жолы, Алтын Орда, еуразиялық өмір салты қазақтардың мәдени кодының негізгі бөлшегін құрайды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, «Азия ғасыры» — халықтың өсу қарқыны, жалпы ішкі өнім, сауда, өнеркәсіп және жоғары технология өндірісі.
2018 жылы әлемнің ең табысты 500 ірі компаниясының 210-ы азиялық болған. Азия компаниялары цифрлық технологиялар саласында әлемдегі көшбасшылардың бірі саналады. Бұл құрлықтағы елдер ғаламдық жалпы ішкі өнімнің 50%-ін қамтамасыз етіп, халықаралық сауда мен инвестицияларды ынталандырып отыр, — деді Мемлекет басшысы.
Баяндамада ғалам және аймақ дамуының оң тенденцияларымен бірге сын-қатерлері де айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Корей түбегі, Оңтүстік Қытай теңізі, Кашмир, Ауғанстан, Йемен, Сирия, Палестина-Израиль қақтығыс аймағы, Иран мәселесі сияқты көптеген аймақтағы қақтығыс ошақтары геосаясаттағы «баяу жарылатын минаға» айналғанын айтты.
Қазақстан Президенті аймақтағы негізгі елдердің арасындағы бір-біріне деген сенім тапшылығы, «қырғи-қабақ соғыс» элементтерінің қайта бас көтеруі қақтығыстарға, санкциялар мен сенімсіздіктерге жетелейтінін айтты.
Азиядағы қауіпсіздікті бөлшектеуге қатысты тиімді формулалар іздеу қажет. Бүгінде әртүрлі екіжақты альянс, аймақтық және субаймақтық институттар «саясат көрпесін» өздеріне тартып отыр. Қытай халқы айтпақшы, Азияда «бір көрпенің астында жатып, әртүрлі түс көреді», — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан 2020-22 жылдары Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалық ету барысында өзге де көпжақты институтпен байланысты күшейтуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Қазақстан Президентінің айтуынша, климаттың өзгеруі де күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып қала береді.
Ғаламдық жылыну мұздақтардың еруін, шөлейттер мен топырақтың құнарсыздануын жылдамдатып жібереді. Осыған байланысты Азиядағы қақтығыстар таза ауыз су көздерін бақылауға қарай ойысуы мүмкін. Ал бұл — Орталық Азия аймағындағы тұрақсыздық тудыруы мүмкін, — деді ол.
Мемлекет басшысы қақтығыстардың алдын алу мақсатында өзге мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен жүйелі және бірлескен жұмыс жүргізуді дұрыс деп санайтынын айтты. Қазақстан Еуразия экономика одағы аясында конструктив жұмысты жалғастыра береді.
Конъюнктураның нашарлауына байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, біздің ұжымдық бірлестігіміз беделді экономика ұйымына айналып келеді. Бұған ұйымның сауда әріптестік желісінің Сингапурдан Сербияға дейінгі кеңістікті қамтуы айқын дәлел, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздің бітімгершілік мәселесіндегі ұстанымын айта келіп, Қазақстанның аймақтық қақтығыстарды реттеуде әділ арағайындықты жақтайтынын айтты. Мемлекет басшысы Таяу Шығыс үшін, соның ішінде, Сирия бойынша Астана процесінде өміршең шешімдер іздестіруге дайын әрі қолдауға дайын екенін мәлімдеді. Қазақстан соңғы айларда шиеленісіп кеткен Ауғанстандағы жағдайды бақылауда ұстайды және көмектесуді жалғастыра береді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның әрқашан қарусыздану мен сындарлы дипломатияны жақтайтынын атап өтті.
Қауіпсіздік проблемаларын шешуде ұжымдық көзқарастарды сарапқа салатын алаң екенін дәлелдеген Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес зор рөл атқаруы мүмкін. Осы форумды толыққанды ұйымға айналдыру мәселесін талқылайтын уақыт келді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Баяндамада Қазақстан қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп беру қызметін жалғастыра беретіні айтылды.
Қауіпсіздіктің сан қырлы қатерін кешенді түрде шешпей, Азияның экономика ғажайыбын жүзеге асыру мүмкін емес. Ұжымдасып әрекет етпесек, «Азияның даму ғасырының» орнына бүкіл ғаламға кесірі тиетін көмескіленген «Азияның күңгірт күндеріне» тап болуымыз мүмкін, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Батыстың өзара іс-қимылынсыз Шығыста тиімді қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру мүмкін емес деп санайды. Ол Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымдарының мүмкіндіктерін біріктіру туралы ұсынысын еске салды.
Біздің аймақтағы ортақ жұмысымыздың негізгі бағыты терроризм және экстремизммен, ұйымдасқан қылмыспен, заңсыз миграциямен, есірткі тасымалымен күрес болуы мүмкін. Ал адами капиталды дамыту, мемлекеттік басқарудың үздік үлгілерін енгізу, инновация мүмкіндіктерін жетілдіру, су ресурстарын тиімді әрі теңдей пайдалану — біздің жасампаздық жолындағы дамуымыздың басты бағдары болуы тиіс, — деді Мемлекет басшысы.
Пленар сессияда Ресей Президенті Владимир Путин, Иордания Королі ІІ Абдалла, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Филиппин Президенті Родриго Дутерте сөз сөйледі.