Жас орындаушылар байқауда классикалық бағытта және халық әнін шырқауы қажет. Қазылар алқасының құрамында өнер әлемінің белгілі қайраткерлері Петр Шереметьев, Михаил Мунтиан, Тамара Новиченко, Дамир Басыров бар. Қазылар алқасының төрағасы – Бибігүл Төлегенова.
Биыл байқаудың мерейтойы. Байқаудың бастамашысы қызым Мәриямгүл Төлегенова еді. Қазір арамызда жоқ. Жас таланттарды тауып, классикалық музыканы орындаушылар мен бағалаушыларды тәрбиелеуде байқаудың рөлі зор деп ойлаймын. Жас орындаушылар біздің байқауымыздан шабыт алып, қанаттарын жаяды, — деді Бибігүл Төлегенова.
Іріктеу туры, байқаудың ашылу мен жабылу салтанаты Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтеді. Өнер көрсету тәртібі жеребе бойынша анықталады. Ақтық мәреге тек 14 қатысушы жіберіледі.
Байқауға республиканың әр аймағынан және Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Ресейден, Башқұртстаннан, Қырымнан, Тәжікстаннан, Қытайдан, Молдовадан, Әзербайжаннан, Италиядан, Болгария мен Монғолиядан жас опера әншілері қатысып жатыр.
Байқауды Алматы әкімдігінің қолдауымен «Мирас» ұлттық қоғамдық қоры Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе ұйымдастырып отыр.