Басты бетҚоғамҚазақстан Президенті...

Қазақстан Президенті АҚШ-та кімдермен кездесті?

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы аясында Грузия Президенті Саломе Зурабишвилимен де екіжақты келіссөздер жүргізді. Мемлекеттер басшылары күн тәртібіндегі екіжақты өзекті мәселелерді талқылап, сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика салаларында өзара іс-қимылдарды кеңейту қажет екенін атап өтті.

Қазақстан Сіздің еліңізбен достық қарым-қатынасты дамытуға, саяси диалогты тереңдетуге және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге зор мән береді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Саломе Зурабишвили, Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Саломе Зурабишвили. Фото: Akorda.kz

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыстардың,  соның ішінде, қазақстандық Ақтау және Құрық порттарын пайдалану арқылы екі ел арасындаға жүк тасымалын жүзеге асырудың маңызын айтты.

Саломе Зурабишвили Грузияның инвестиция және көлік-логистика жобаларына Қазақстан капиталының белсенді қатысып отырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.

Кездесуде тараптар екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Екі көшбасшы да түрлі сала бойынша өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Иорданиямен арадағы инвестиция және сауда-экономика ынтымақтастығын кеңейтуге әзір екенін айтты. Ол ІІ Абдаллаға Қазақстанның дінаралық диалогты нығайтуға қатысты бастамаларын үнемі қолдап келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.

БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Украина Президенті Владимир Зеленский де кездесті. Қазақстан Президенті екі ел арасындағы тарихи тамырластық пен ортақ болашақ жайын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Анджей Дуда
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Анджей Дуда. Фото: Akorda.kz

БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президенті Анджей Дудамен екіжақты келіссөздер жүргізді.

Кездесуде мемлекеттер көшбасшылары екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары, соның ішінде, Еуропалық Одақ шеңберіндегі қарым-қатынас мәселесін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының аясындағы жоғары деңгейдегі Қазақстан-Польша кездесулері игі дәстүрге айналғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Анджей Дуданың 2015 жылы қыркүйек айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен танысқанын, Польша көшбасшысының 2018 жылдың қаңтар айында Елбасымен бірге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тақырыптық брифингіне қатысқанын мысалға келтірді.

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан мен Варшава арасындағы достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға дайын екенін атап өтіп, Қазақстан мен Польша арасындағы байланыстардың беки түскенін айтты.

2018 жылы елдеріміздің арасындағы  екіжақты тауар айналымы 1,2 миллиард доллар болды. Қазақстанда Польшаның 100-ден астам компаниясы белсенді жұмыс істеп жатыр. Біздің қарым-қатынастарымыздың дамуына Қазақстанның Польша азаматтары үшін виза режимінді алып тастауы, 2017 жылы Нұр-Сұлтан мен Варшава арасында тікелей әуе қатынасының іске қосылғаны елеулі үлес қосты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Анджей Дудаға Қазақстанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғанын да айтты. Дәл осындай құрылым Польша Президентінің басшылығымен бұл мемлекетте де жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Ули Маурер
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ули Маурер. Фото: Akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария Конфедерациясының Президенті Ули Маурермен де кездесті. Мемлекеттер басшылары күн тәртібіндегі екіжақты көптеген  өзекті мәселені талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Швейцария арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті.

Швейцария – Қазақстан үшін екіжақты сауда және инвестиция көлемі бойынша Еуропадағы негізгі әріптес. Біздің елдеріміз банк, құрылыс және аграрлық салалардағы жобаларды белсенді дамытып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті швейцариялық әріптесінің назарын қаржы қызметтері, машина жасау, химия және фармацевтика, ауыл шаруашылығы, азық-түлік, туризм салаларында бірлесіп атқарар бірқатар перспектив жобаның бар екеніне аударды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ули Маурерді биыл Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Румен Радев
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Румен Радев. Фото: Akorda.kz

Қазақстан Президенті швейцариялық әріптесімен өткізген кездесуден кейін Болгария Президенті Румен Радевпен келіссөз жүргізді.

Көшбасшылар саяси, сауда-экономика және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны нығайтудың перспективаларын талқылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасында сындарлы диалог орнағанына тоқталып, еліміздің Болгариямен өзара іс-қимылды одан әрі қарқынды дамыта түсуге ниетті екенін айтты.

Қазақстанның Болгариядағы дипломатиялық миссиясын Елшілік ретінде қайта құру туралы шешім қабылданғанын білесіздер. Өкілдігіміздің мәртебесін арттыру және Елшіні тағайындау Қазақстан мен Болгария қарым-қатынастарын дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы болгар компанияларын Қазақстанда жұмыс істеп, кейіннен өңір нарығына да шығуға шақырды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Румен Радевті Қазақстанға сапармен келуге шақырды.