Қазақстан Президенті АҚШ бизнесмендерімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жасаған сапарының алғашқы күні Америкадағы ірі компаниялардың басшысымен кездесті. Қазақстан Президенті екі ел арасындағы сауда-экономика және инвестиция ынтымақтастығы нығайғанын атап өтті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы АҚШ — Қазақстан экономикасының ірі инвесторының бірі екенін айтты. Америка инвесторлары Қазақстанға 45 миллиард доллардан астам қаржы салған. Қазақстанда 500-ден аса Американың компаниясы жұмыс істейді.

2018 жылы Америкадан Қазақстанға тартылған инвестицияның көлемі 5,3 миллиард долларға жетіп, рекорд орнатты. Ал өзара сауда көлемі екі есе артып, 2018 жылы 2,8 миллиард доллар болды, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экономика мүмкіндіктері туралы айтып, Америка бизнесмендерінің назарын ел дамуындағы үш маңызды мәселеге аударды. Олар: қолайлы инвестиция ахуалы, нарық пен коммуникацияны дамыту және адами капиталды нығайту.

Әңгіме барысында Қазақстанның энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы және адами капитал салаларындағы әлеуеті туралы да айтылды. Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-логистика мүмкіндігіне де жеке тоқтады.

Қазақстан Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды көлік хабы. Трансконтинентал бағыттардың 70%-і Қазақстан аумағынан өтеді, — деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Американың іскер топ өкілдеріне Президент ретінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әріптестіктің артуына күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

Мемлекет басшысы осы күні бірқатар ірі халықаралық компанияның басшысымен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Royal Dutch Shell компаниясының бас атқарушы директоры Бен Ван Барденмен мұнай-газ жобаларын жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық жайын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ сапары
Фото: Akorda.kz

Қазақстан Президенті JPMorgan Chase&Co компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен қаржы институттары арқылы өзара іс-қимыл мәселесін қарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Tyson Fresh Meats компаниясының президенті Стив Стауффер және Valmont Industries компаниясының бас атқарушы директоры Стив Каневски кездесуінде ауыл шаруашылығы саласындағы инвестиция жобаларын іске асыру мәселелері қозғалды.

Plug’ n Play компаниясының бас атқарушы директоры Саид Амидимен, 500 Startups стартап-акселераторының және венчур қорының вице-президенті, басқарушы серіктесі Беди Янгпен кездесу кезінде стартап-жобалар саласындағы ынтымақтастық перспективалары сөз болды.

Сонымен бірге Қазақстан Президенті Amazon Web Services компаниясының жаһандық мемлекеттік саясат жөніндегі вице-президенті Майкл Пункпен электрон сауда саласындағы өзара іс-қимыл жағдайын талқылады.