Қайрат Келімбетов Президентке «Астана» қаржы орталығын дамыту туралы баяндады

Қазақстан Президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетовті қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысына «Астана» халықаралық қаржы орталығының қаржы нарығын дамыту, қаржы қызметтерін тұтынушылар мен инвесторлардың құқығы мен мүддесін қорғау, сауда және инвестициялық ынтымақтастық салаларындағы жұмысының негізгі қорытындылары жөнінде мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бір бөлігі екенін атап өтіп, жүктелген міндеттерді тиімді орындау қажеттігін айтты.

Қайрат Келімбетовтің ақпараты бойынша орталықта барлық қажетті инфрақұрылым, соның ішінде қаржы орталығының соты, халықаралық арбитраж орталығы, қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі және халықаралық биржа комитеті орналасқан. Тараптардың әлемнің кез келген нүктесінен бұл сот пен арбитраж орталығына электрон түрде талап арыз беруіне мүмкіндік туғызатын Еjustice порталын іске қосу жоспарланып отыр.

Қайрат Келімбетов Қазақстан Президентіне елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту үшін жасалған жағдайдың арқасында Қазақстанның қаржы орталығы GFCI қаржы орталықтарының жаһандық индексінде әртүрлі 102 халықаралық орталықтың ішінде 51-орынға көтерілгені туралы да ақпарат берді.

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығын одан әрі дамытып, ілгерілету үшін бірқатар нақты тапсырма берді.