Қазақстан электрон үкіметті дамыту индексі бойынша БҰҰ рейтингінде 33-ші орында тұр. Ол адами капиталды, телекоммуникация инфрақұрылымын және онлайн қызметтерді дамыту көрсеткіштеріне байланысты анықталады.
е-Сот кабинеті арқылы азаматтық және қылмыстық істер бойынша электрон өтініштер, қолдаухат және шағым жіберуге болады. eGov порталын қолданып жүрген азамат «Сот кабинетіне» тіркелмей-ақ кіре алады. Оның iOS, Android және Windows Phone мобайл платформаларында қосымшасы да бар.
Мобайл қосымшаның мүмкіндіктері:
- сот отырыстары туралы ақпаратты (өткізу күнін, орнын және уақытын) білуге болады;
- сот органдарына «Сот кабинеті» уеб-сервисі арқылы жолданған барлық құжатты көруге мүмкіндік береді;
- сот құжаттарының мәртебесін бақылап отыруға көмектеседі;
- қосымшада сот процесі қатысушыларының күнтізбесін тіркеуге болады. Бұл қызмет көбіне адвокат сот процесіне қатыса алмай қалған жағдайда көп пайдасын тигізеді. Себебі күнтізбе арқылы оның басқа сот отырысында болғанын дәлелдеуге болады. Сол арқылы сот отырысын кейінге қалдыру туралы өтініш қалдыру мүмкіндігі бар;
- өтініш иесінің қолы қойылмаған және сот органына жіберілмеген өтініштер туралы ақпарат береді;
- хабарлама жазуға мүмкіндік береді.
Мобайл қосымшасына қосылу үшін жеке сәйкестендіру нөмірі мен ұялы телефон нөмірін тіркеу жеткілікті.
Иллюстрация: Dribbble.com by Arunas Kacinskas