Жылжымайтын мүлік агенттігінің жетекшісі Аяжан Сүлекееваның айтуынша, Алматыдағы ең қымбат үйлер Медеу, Алмалы аудандарында орналасқан. Қалған аудандарда салыстырмалы түрде арзан.
Жылжымайтын мүлік жөніндегі кеңесші Тимур Әнуарбековтің пікірінше, үй ескі болған сайын бағасы да арзандай түседі. Мысалы, Әуезов ауданынан 15 миллион теңгеге екі немесе үш бөлмелі пәтер табуға болады. Онда 1960 және 1970-жылдары салынған үйлер бар.
Көбі үй іздегенде кірпіштен салынғанын сатып алғысы келеді. Себебі кірпіш жылуды жақсы ұстап, салқын өткізбейді. Бірақ кірпіштен салынған үйлердің көбі ескі болады. Алматының «алтын шаршысында» орналасқан үйлер кірпіштен соғылған. Сондықтан көбі сол жердегі үйлерге қызығады. Ондағы баға да арзан емес, — дейді Тимур Әнуарбеков.
Аяжан Сүлекееваның айтуынша, жаңадан салынған үйлер сапасыз болады деген — қате стереотип.
Клиентке кеңес берерде әуелі қанша қаржысы барын біліп аламыз. Соған байланысты үй іздейміз. Егер жағдайы келсе немесе қолма-қол ақшасы болса, жаңа үйлерді де көруге кеңес береміз. Бұрын жаңадан салынған үйлердің сапасына күмәнмен қарайтын. Бірақ олай ойлаудың қажеті жоқ. Себебі қазір жаңа үйлер білікті мамандардың бақылауынан өтеді. Пайдалануға бермес бұрын мұқият тексеріледі, — дейді ол.
Үй бағасының көтерілуіне не әсер етіп отыр?
Аяжан Сүлекеева қазақстандықтар теңгенің құнсыздануының кесірінен жинаған қаржысын жоғалтып алмау үшін жылжымайтын мүлік сатып алуға әуес екенін айтты. Оның пікірінше, қазір доллар бағамының құбылмалы кезеңі болған соң бұл әдіс дұрыс.
Мамандар баспана бағасының өзгеруіне доллар бағамынан басқа мемлекеттік бағдарламалардың да әсері бар екенін айтты.
«7-20-25» бағдарламасы шыққалы көп адамның тұрғын үй алу мүмкіндігі артты. Сондықтан сатып алушы көбейген сайын сұраныс көбейіп, сатушылар бағаны өсіре береді, — дейді ол.
«№2 анықтаманы талап етіңіз»
Жылжымайтын мүлік агенттігінің жетекшісі Аяжан Сүлекеева үй сатып алмас бұрын құжаттарын тексеріп, №2 анықтаманы талап етуді ескертті. Себебі кей мүлік банк кепілі немесе сот ісіне қатысты болуы мүмкін.
Пәтер немесе қандай да бір ғимаратты сатып аларда құжаттарына мұқият мән беріңіз. Ол құжат №2 анықтама деп аталады. Оны мүлік иесімен бірген Халыққа қызмет көрсету орталығына барып аласыз. Құжатта мүлік иесінің аты-жөні, мүліктің қалай, қайдан алынғаны, банктің кепілінде тұрғаны, тыйым салынғаны туралы (болған жағдайда) барлық ақпарат тіркелуі керек. Қажет болса, мүліктің алғашқы иесі мен тарихын сұратуға болады, — дейді Аяжан Сүлекеева.
Риелторды қалай таңдау керек?
Маманның айтуынша, өздерін ақпарат агенттігі деп таныстыратындар, риелторлардың атына кір келтіріп жүр.
Риелторларға сенім әуелден болмаған. Бірақ қазір жағдай реттеліп келе жатыр. Біздің көмегімізге жүгінетіндер аз емес. Бұл қызмет заңмен реттелмеген. Соны пайдаланатындар бар. Көбіне адамдар ақпарат агенттігінің қызметіне жүгініп, алданып қалады. Себебі олар клиентті офисіне шақырып, келісімшартқа қол қойғызып, пәтер таппастан бұрын қаржы талап етеді. Кейін нөмірін өшіріп, жоқ болып кетеді. Заңды жұмыс істейтін риелтор алдын ала ақша сұрамайды, — дейді Жылжымайтын мүлік агенттігінің жетекшісі Аяжан Сүлекеева.