Кездесу «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті. 13 жастағы Жавохир Синдаров Алматыға Shatranj клубының шақыртуымен тәжірибе алмасу және шахматты дәріптеу мақсатында  келді. Гроссмейстер жаттықтырушысы Бобур Саттаровпен бірге мастер-класс өткізді.

Жавохир Синдаров, шахмат
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жавохир Синдаров — Өзбекстанның қазіргі чемпионы, халықаралық гроссмейстер (Эло-2507), балалар мен жасөспірімдер арасындағы шахматтан бірқатар атақ иеленген спортшы. 2018 жылы Орталық Азия құрамасы Ресей, Қытай және Арменияның ең мықты командаларын басып озып, тарихта тұңғыш рет Бүкіләлемдік жастар олимпиадасын жеңіп алды. Бұл команданың ең жас мүшесі әртүрлі жастағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаттарының бес дүркін жеңімпазы Жавохир Синдаров болды. Биыл дарынды жасөспірім гроссмейстер атағына ие болды (титул тағайындалған кезде Жавохир 12 жаста еді). Осылайша ол украиндық Сергей Карякиннен кейін ерте жасынан шахматтың ең жоғары дәрежесін жеңіп алған екінші спортшы болды. Құрлықтың Азия бөлігінде Жавохир Синдаров — бірінші, ал әлем бойынша екінші жас шахматшы.

Жас гроссмейстер блицте бірнеше қызық ойын көрсетті. Одан кейін шахмат жанкүйерлерінің кәсіби сұрақтарына ықыласпен жауап берді.

Алматының шахмат клубтарын көруге, олардың ойнау стилін бақылауға келдім. Бұл — менің оңтүстік астанаға екінші сапарым. Алғаш төрт жыл бұрын келген едім. Ерлер арасында шахматтан ең жас чемпион атағын 13 жасымда алдым. Болашақта ересектер арасында жеңімпаз болып, әлемнің топ-10 үздік шахматшысы қатарына еніп, көптеген open-турнирде жеңіске жеткім келеді. Үш күн ішінде жас спортшыларға семинар өткіздім, балаларының кәсіби өсуіне кеңес беру мақсатында ата-аналармен кездестім, — дейді Жавохир Синдаров.

Ол шахматпен төрт жасынан бастап айналысқан. Гроссмейстер қазіргі нәтижесіне тәлімгерлер көмегінің, ата-анасының, жақындарының, әсіресе, атасы Комил Синдаровтың  қолдауының арқасында қол жеткізгенін айтады.

Жавохир Синдаров, шахмат
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Әлемдегі ең жас гроссмейстер, Өзбекстанның қазіргі чемпионы Живохир Синдаровтың бізге келгеніне қуаныштымыз. Бұл Алматы шахматшыларына онымен танысуға, шахмат ойнауға және ойын туралы құнды кеңес алуға тамаша мүмкіндік болды. Жас шахматшыларымызға Жавохирдің ойнағаны, онымен тәжірибе алмасу қызық болды. Бұл біздің жастарға көмек болатынына күмәнім жоқ, — деді халықаралық шахмат төрешісі Сергей Ким.

Алматы ата-аналарына, жаттықтырушыларға және жас шахматшыларға бұл кездесу қызығушылық тудырды. ҚР Тұңғыш Президентінің бағдарламалық мақаласында айтылғандай, қазіргі уақытта жеке адам ғана емес, тұтас ұлт өзінің бәсекеге қабілетін дамытып, жетістікке жете алады. Қазақстанда шахмат спортын дамыту мен насихаттау, тәжірибе алмасу және жас шахматшылардың шеберлігін шыңдау осы спорттағы бәсекені дамытары сөзсіз.

Бұл кездесу біздің мектеп оқушылары үшін өте пайдалы. Өйткені бұл олардың дамуына ықпал етеді. Олар көптеген чемпионатқа, жарысқа қатысады. Жас дарындардың мастер-класы біздің шахматшыларға оның тәжірибесінен үйренуге және біліммен алмасуға мүмкіндік береді, — деді Алматы Shatranj  шахмат мектебінің мұғалімі Бақыт Теміров.

Ақерке Мырзағалиева