Басты бетЖаңалықтарАрыстағы жылыту...

Арыстағы жылыту кәсіпорындары жылу маусымына дайын

2019 жылғы отын қоры 2018 жылмен салыстырғанда 21% артық. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасы Серік Сүлейменов хабарлады.

Қазіргі таңда энергия көздерінің қоймаларында 3,7 миллион тонна көмір қоры жинақталған. Бұл көмір қоры 2018 жылмен салыстырғанда 21% артық. 103 мың тонна мазут қоры бар, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 24% артық. Қазір жинақталған отын қоры жылу кезеңін бастау үшін жеткілікті, — деді Серік Сүлейменов.

Оның айтуынша, энергетика кәсіпорындары отынды келісімшарт бойынша бекітілген кестеге сәйкес сатып алады.

Сонымен бірге Серік Сүлейменов төтенше жағдай салдарынан адамдардың электр тогынан зардап шегу қаупін болдырмау және өрттің шығуының алдын алу мақсатында Арыстың жарық тарату желілері басты шағын станциядан кесілгенін айтты. Арысқа қызметкерлер кіргізілген соң апат салдарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2019 жылы 26 маусымда қаланы жарықтандыру толық қалпына келтірілді.

28 маусымда Арыс қаласын және Арыс ауданын электрмен жабдықтаудың таратылуын қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды, қазір Арыстағы энергия нысандары жылу маусымына дайын, — деді ол.

Айта кетейік, Арыс қаласы бойынша тұтынушылар саны — 9 765 абонент, оның ішінде 92 әлеуметтік нысан бар: мектептер саны — 28, ауруханалар — 20, балабақшалар — 28, мешіттер — 10, әкімшілік ғимараттар — 6.