Президент ғалым Рәбиға Сыздықты «Барыс» орденімен марапаттады

Қасым-Жомарт Тоқаев филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздықты І дәрежелі «Барыс» орденімен наградтау туралы жарлыққа қол қойды.

Қоғамдық қызметтегі айрықша еңбегі, сонымен бірге отандық ғылымды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Рәбиға Сыздық І дәрежелі «Барыс» орденімен наградталсын, — делінген құжатта.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Рәбиға Сыздық
Награданы Президент көмекшісі Мәулен Әшімбаев пен Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров табыс етті. Фото: Almaty.gov.kz

Рәбиға Сыздық 95 жаста, ол 1924 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданында туған. 1940 жылы Ақтөбе педагогика училищесін, 1947 жылы Абай атындағы қазақ педагогика институтын, 1951 жылы осы оқу орнының аспирантурасын бітірген. 1940 жылдан бері мектеп мұғалімі, училище оқытушысы, баспа редакторы болып қызмет етті. 1961-1967 жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтында қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы бөлімнің меңгерушісі, 1980-1994 жылдары институттың тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі болды, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері қазір құрметті демалыста.

Рәбиға Сыздық «Абай шығармаларының тілі» (1972) тақырыбында доктор диссертациясын қорғаған. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ әдеби тілінің тарихы, Абайдың поэтика тілі, қазақ тілінің поэтикасы, XV-XIX ғасырлардағы ақын-жыраулар тілі, ортағасыр жазба ескерткіштері тілінің тарихы мен оның лексика-грамматика бойынша құрылымы, текстологиясы тақырыптарына, тарихи лексика, лингвостилистика, тіл мәдениеті салаларына арналған.