Қатерлі қарусыз әлем құру — бейбітшілік кепілі

ҚР Сыртқы істер министрлігі Алматыдағы өкілдігінің жетекшісі Ерлан Ысқақовтың айтуынша, 2009 жылдың 2 жел­тоқ­сан күні БҰҰ Бас Ассамблеясы №64/35 қарарын қабылдап, 29 тамызды Ядро­ сынақтарына қарсы іс-қимылдың халық­аралық күні ретінде бекітті.

Се­мей ядро полигонында 1949 жылдан жүргізілген ядро сынақтары 1991 жылы жабылды. 40 жылда 2000 ядро сынағы жүргізілді. 1949-63 жылдар — Семейдегі ашық ядро жарылыстар кезеңі, — деді дипломат.

ҚР Ұлттық Ғы­лым академиясы Жоғары энергетика институтының есебі бойынша Се­мей полигонында сыналған ядро зарядтарының қуаты Хиросимадағы ядро бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп. 1963-89 жылдары ядро бәсе­келестігінің екінші кезеңі басталды. 1963 жылы КСРО, АҚШ және Ұлыбритания арасында жер бетінде және ауада, су астында атом қаруын жаруға тыйым салу туралы келісімге қол қойылды.

Жер бетіндегі және ауадағы ядро жарылыстар тоқтатылды, бірақ ядро бәсекелестік тоқтаған жоқ. Келісім тек ядро жарылыстарын жердің астына әкетті. Әрине, бұл екі елдің ядро бәсекелестігіне ешқандай жақсы нәтиже берген жоқ, тек халқымыздың өміріне, денсаулығына, мәдениетіне, экономикасына үлкен зиян тиді. КСРО сияқты алып империя құлағанда оған қарасты стратегиялық ядро күші төрт елде қалды. Ресей жерінде 20750, Украинада 4025, Беларусьте 825, Қазақстанда 1216 ядро оқтұмсығы сақталған. Америка үкіметі Невада штатында жүргізілген сынақтардың адамзат пен табиғатқа алып келген шығын көлемін 100 миллиард долларға шаққан көрінеді.Қазақстан жеріндегі жүздеген жарылысқа ұласқан бұл сынақтардың салдары аймақта тұратын адамдарға үлкен қасірет әкелді, — деді Ерлан Ысқақов.

Мұнан кейін дипломат бұл мәселе халықаралық қоғамдастық назарында тұруы тиіс екенін айтты.

Өт­кенді өзгерту мүмкін емес, бірақ келешекті өзгертуге мүмкіндік бар. Қазақстан АТОМ жобасы арқылы ядро қа­руынан азат әлемнің жаңа болашағын қа­лып­тастыруға өз үлесін қосып отыр. Біз мұндай басқосу арқылы ха­лықаралық қауіпсіздік мәселелерін талқылап, жаңа шешімдер ұсына аламыз. Ядро қаруы бар жерде жарқын болашақ немесе ертеңгі күнге сенім туралы сөз қозғау мүмкін емес. Сол себепті біз бүгінгі жиынға жастарды жинап отырмыз, — деді ол.

Қазақстанның БҰҰ-дағы тұң­ғыш өкілі Ақмарал Арыс­танбекова 1991 жылдағы саяси ахуалды еске алып өтті.

Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатты жүргізе отырып, басқа мемлекеттермен бірігіп, өзінің ықпал ету аймағында ядро қаруынан азат аймаққа айналды. Қазақстанға аса ірі ядро арсенал КСРО-дан «мұраға» қалды. Оған қоса, республика аумағында әлемдегі ең ірі полигондардың бірі — Семей ядро сынақ полигоны орналасқан еді. Осылайша тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан республикамыз өзін өзге елдермен ынтымақтастыққа ашық, бейбітсүйгіш мемлекет ретінде көрсетті. Көбіне осы шешімдердің арқа­сында еліміз ауқымды шетел инвес­тициясын тартуға қол жеткізіп, әлемдік державалардың кең қолдауына ие болды, — деді Ақмарал Арыстанбекова.

Пікір алмасу форматында өткен халықаралық жиында Қазақ­стандағы қоғамдық бірлестіктер атынан сөйлеген жастардың батыл пікірі ха­лықаралық ұйым өкілдерінің назарын аударды. IT маман, сарапшы Медеу Әбішов пікірін айтты.

Адамзатқа төнген қауіп еселеніп кетті. Кешегі күнге дейін біз тек ядро қаруына ғана назар аударып келдік. Қазір жасанды интеллектердің мүмкіндігі адамзаттың бақылауынан шығып кетті. Бүгінгі ғалымдар компьютер мүмкіндігін бірнеше мың есеге күшейткенімен, оны бағдарламалау кодының шеңберінен шығармай, шектеп тастады. «Жасанды интеллект» тіркесі адамның санасын жасанды жолмен жасау идеясын арқалағандықтан ол адам сияқты еркін ойлау қабілетіне ие болуға тиіс. Бұдан кейінгі жағдай не болады? GoogleX ғалымдары адам миы мен көзінің арасында ақпарат тасымалдайтын нейрондардың функционал жүйесін көшіріп алды. Қазір бұл әдісті Қытай үкіметі халқын бақылауда ұстауға пайдаланып отыр. Олар көшелердегі камералардың көмегімен өтіп бара жатқан азаматтың бетін сканерлеу арқылы оның кім екенін анықтай алады. Өкінішке қарай, жасанды интеллект осындай мақсатта да қолданылып жатыр. Адамзатқа төнген жаппай қырып-жоюды көздейтін ядро қаруымен шектеліп отырған жоқ. Қауіп еселеніп кетті. Сол себепті осы мәселені жастар атынан назарларыңызға ұсынғым келеді, — деді Медеу Әбішов.

Шараны ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігі, БҰҰ-ның Қазақстандағы ақпараттық бюросы және әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырды.

ДереккөзEgemen.kz