Ядро қаруынсыз әлем үшін Назарбаев сыйлығы 2 адамға берілді

Ядро қаруынсыз әлем мен жаһан қауіпсіздігіне үлес қосқандарға берілетін Назарбаев сыйлығының иегерлері белгілі болды.

Биыл Назарбаев сыйлығы бір мезгілде екі адамға берілді. МАГАТЭ-ның бас директоры болған, марқұм Юкия Аманоға және Ядро сынақтарына жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербоға беру туралы шешім қабылданды. Юкия Амано МАГАТЭ басшысы лауазымында халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, ядро қаруын таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласына үлес қосты. Қазақстанда аз байытылған уран банкін құруда және Иран ядро проблемасын шешуде маңызды жұмыс атқарды. МАГАТЭ қызметінің басым бағыттарының бірі рак ауруымен күрес және ядро технологияларын, су ресурстарын, азық-түлік қауіпсіздігін басқару саласында қолдану болды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда Назарбаев сыйлығымен марапаттау рәсімінде.

Қазақстан Президенті Лассина Зербоның да осы салаға қосқан үлесін атап өтті.

Оның күш-жігері ядро сынақтарына жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартты мониторингілеу бойынша халықаралық желіні құру жұмысын аяқтауға мүмкіндік берді. Сонымен бірге ол осы шарт ұйымының жастар тобын құруға да бастамашы болды. Юкия Амано мен Лассина Зербо ядро қаруын таратпауға және әлемдік қауіпсіздікке қомақты үлес қосты. Сондықтан бүгінгі Назарбаев сыйлығы лайық тағайындалды деп ойлаймыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанатты шарада Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыйлықты Лассина Зербоға және марқұм Юкия Аманоның зайыбы мен бауырына тапсырды.

Ядро қаруынсыз әлем мен жаһан қауіпсіздігіне қосқан үлесі үшін берілетін Назарбаев сыйлығы 2016 жылғы сәуірде Вашингтондағы Ядро қауіпсіздігі саммиті барысында жарияланған «Әлем. XXI ғасыр» манифесі идеяларына орай бекітілген.

ДереккөзInform.kz