Цифрландыруда қандай озық тәжірибелер қолданылып жатыр?

Қағазбастылық, сыбайлас жемқорлық, маман тапшылығы, уақыт жоғалту, кезек күту, өнім сапасы және медициналық озық технологиялардың тапшылығы сияқты мәселелер экономикалық құлдырауға, халықтың тұрмыс сапасы мен оларға көрсетілетін қызметтің жеткілікті деңгейде болмауына әкеліп соғады.

Жетекші елдер цифрландыру саясатына тың серпін беріп, жаңа жобаларын жүзеге асырып жатыр. Мәселен, Қытай өзінің «Интернет плюс» бағдарламасында цифрлық салаларды дәстүрлі өндіріспен біріктіреді. Ал «ақылды экономика» қалыптастырып, Smart Nation тұжырымдамасын әзірлеген Сингапур болса, бизнес және сарапшылар қауымдастығын ынтымақтастыққа шақырады. Сонымен бірге Оңтүстік Корея «Креатив экономика» бағдарламасында адам капиталы мен кәсіпкерлікті дамытуға және АКТ жетістіктерін таратуға баса назар аударып отыр.

Салалардағы серпіліс

Білім саласындағы әлемдік озық тәжірибелердің бірі — LMS Canvas бағдарламасы. Елімізде ең алғаш М.Нәрікбаев атындағы қазақ гуманитарлық заң университеті өз тәжірибесінде қолданған. Бағдарлама арқылы үй тапсырмасын, бағалау жүйесін, барлық пәндер мен дәрістерді онлайн қарауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, оқытушы, студенттермен байланысуға, видео-аудио, жазба жұмыстарын жариялауға болады. Ең бастысы, виртуалдық онлайн-платформа жасалады. Бұл жүйені ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы PLATONUS бағдарламасымен біріктіріп, өз тәжірибесінде пайдаланып жүр.

LMS Canvas жүйесін әлем бойынша 3 мыңнан астам университет пен білім мекемесі қолданады. Атап айтқанда, Гарвард, Йель, Пенсильвания, Нортуэстерн, Браун университеттері және басқа да белгілі оқу орындары бар.

цифрлық қазақстан
Фото: Diabloplumbing.com

Құрылыс саласы қарқынды дамыған сайын жаңа технологиялардың да қажеттілігі арта түсті. Елімізде бұл салаға BIM-технологиясы (Building Information Modeling) – құрылысты жобалау, тұрғызу және пайдалану туралы мәліметтердің дұрыс үйлестірілген цифрлық базасы енгізілді. Нәтижесінде қағаз сызбалардан арылып, ғимараттардың 3D цифрлық үлгісі пайдаланылмақ. Технология 3 жыл бұрын қолданысқа еніп, 3D үлгілеу әзірге тек бірінші деңгейдегі нысандарды салуға ғана қолданылып жатыр. Ұлыбританияда бұл технология енгеннен кейін құрылыс компанияларының шығыны 30%-ке қысқарған. Қазақстанда экономикалық тиімділіктің 10-15% немесе одан да жоғары көрсеткіші жоспарланған.

цифрлық қазақстан
Фото: Itlab.am

Құрылыс саласы қарқынды дамыған сайын жаңа технологиялардың да қажеттілігі арта түсті. Елімізде бұл салаға BIM-технологиясы (Building Information Modeling) – құрылысты жобалау, тұрғызу және пайдалану туралы мәліметтердің дұрыс үйлестірілген цифрлық базасы енгізілді. Нәтижесінде қағаз сызбалардан арылып, ғимараттардың 3D цифрлық үлгісі пайдаланылмақ. Технология 3 жыл бұрын қолданысқа еніп, 3D үлгілеу әзірге тек бірінші деңгейдегі нысандарды салуға ғана қолданылып жатыр. Ұлыбританияда бұл технология енгеннен кейін құрылыс компанияларының шығыны 30%-ға қысқарған. Қазақстандағы экономикалық тиімділік 10-15% немесе одан да жоғары көрсеткіш жоспарланған.

цифрлық қазақстан
Фото: Itlab.am

Ал медицина саласы әлемдік IBM Watson жобасын іске қосты. Бұл жоба — денсаулық саласындағы мәселелердің шешімін жедел анықтаудың заманауи түрі. Мысалы, бірнеше минут ішінде адам генін анықтап, ағзаны зерттей алады. Нәтижесінде дәрігерлер бұрын онкологиялық дертке шалдыққан пациентке 1-2 апта уақыт жоғалтатын болса, қазір науқасқа небәрі 1 минут ішінде диагноз қоя алады. Жоба бойынша Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында тәжірибе жасалып, өз жемісін берді.

Жасанды интеллект жүйесі бактерияларды 95% дәлдікпен анықтай алады. Аталған жоба Жапонияда дәрігер жетіспеушілігі мәселесінің шешімін тауып, лейкемияның өте сирек түрін табуға көмектескен. Ал Қытайда өкпе обырын рентгенге қарағанда дәлірек анықтауға мүмкіндік берген.

цифрлық қазақстан
Фото: Digitalkz.kz

Цифр технологиялары белсенді қолданылып отырған тағы бір сала — агроөнеркәсіп. Қазіргі таңда бұл сала Telematics жүйесін енгізіп, спутниктік және компьютерлік технологиялардың ақпараты арқылы егін өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Жаңа жүйе арқылы комбайн не трактордың егістіктің қай алқабында жүргені, қандай жылдамдықта, не жұмыс жасап жатқандығы бақыланады. Сонымен бірге техника қанша жанар-жағармай қолданып, қанша түсім жинағанын көруге болады. Бұл жүйе Германия, Ұлыбритания сияқты елдерде тиімділігін дәлелдеген.

цифрлық қазақстан

Өткен жылы Халықаралық менеджментті дамыту институты (IMB) мамандары құрастырған цифрлық бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық рейтингінде Қазақстан 38-орынды иеленген. Елдің цифрлық дамуына серпіліс әкелген әлемдік озық технологиялардың қатары аз емес. Соның ішінде үлкен өзгерістерге бастаған жаһан жетістіктерінің бірнешеуіне жеке тоқталып өтсек.

Bigdata, Smartcity, Blokchain

цифрлық қазақстан
Фото:Kapital.kz

Бүгінгі таңда Big Data технологиялары көбінесе АҚШ компанияларында қолданылады. 2014 жылғы IDC мәліметі бойынша Big Data бағдарламасының қолданылуы мен технология жабдықтарының 45%-і Еуропа, Таяу Шығыс, Азия (Жапонияны қоспағанда) және Африка елдеріне тиесілі екені анықталған. Елімізде Big Data-ның ірі қолданушыларының бірі — Қаржы министрлігі. Себебі мұнда статистика және экономика мен жалпы ішкі өнімді болжау үшін стратегиялық маңызды ақпараттар жасалады. Сапалы әрі жылдам нәтиже алу үшін үлкен деректерге талдау жасауға болады. Big Data-ға банктер мен ауқымды мәліметтерді сақтайтын ірі және орта кәсіп иелері қызығушылық танытуда. Мәселен, елімізде «Қазпошта» мен «Қазақтелеком» қызметтерінде қолданысқа еніп үлгерді. Бұлардан өзге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында, ақылды жариялауда және Big Data-ны қалыптастыруда жаңа жобаларды іске асыру жоспарланған.

цифрлық қазақстан
Фото:Glavcom.ua

Smart City концепциясының басты мақсаты — қала тұрғындарының жайлы өмірі үшін қызмет көрсету сапасын арттыру. Smart City жобасы әлемнің 2 500 қаласына енген. Нәтижесінде көп қаланың инфрақұрылымы дамып, қала тұрғындарының өмір сүру сапасы артқан.

Бүгінде елімізде Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Ақтөбе сияқты ірі қалаларда осы жоба жүзеге асып жатыр. Атап айтсақ, Алматы Smart Almaty тұжырымдамасы негізінде Open Almaty, Almaty bike, MIТ Education, Алматы паркинг, жол қозғалысы қауіпсіздігі бағдарламалары қолданысқа енді. Сонымен бірге қала тұрмысының тыныс-тіршілігін күн сайын бақылап, талдау жасайтын Жағдаят орталығы, «Тұрғындарға арналған қолжетімді қызмет» сияқты электрон пәтер иелері кооперативі, «Жайлы қала» және «Ашық деректер» сияқты жобалар қолға алынған. Үшінші мегаполис аталатын Шымкентте Smart Ontystuk тұжырымдамасы арқылы бірнеше салада цифрландыру жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында білім, денсаулық сақтау, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, көлік, мемлекеттік басқару, ауыл шаруашылығы, экология, туризм, қауіпсіздік, құрылыс және әлеуметтік салалар бар.

цифрлық қазақстан
Фото: Bitgid.com

Blokchain кең қанат жайған елдер қатарында Жапония көш бастап тұр. Олар бұл саланы мемлекетті, бизнесті дамыту үшін ең қолайлы нарық деп тауып, цифрлық валютаға оң көзқарас танытып отыр. Сингапур да криптовалюта мен блокчейн жобаларын белсенді түрде қолдайды.

Ал Қазақстанда блокчейн біртіндеп еніп келеді. Әзірше жаңа технологиялар қосымша құн салығына қосылатын салықты басқарумен және балабақшаларда кезек қалыптастырумен айналысады. Осылайша еліміз сыбайлас жемқорлықтан, қаржылық алаяқтықтан арылуды және мемлекеттік қызметкерлердің басқа мүдделердегі лоббизмдерін жою көзделген. Сонымен бірге Нұр-Сұлтанда «1000 орын — көше саудасы» бағдарламасы аясында жер бөлу аукциондарында блокчейн технологиясын енгізу бойынша пилот жобасы жұмыс істейді. Қаржы министрлігі шекарадан тауарлар тасымалдауды және мемлекеттік сатып алуды бақылау үшін блокчейн қолдануды жоспарлап отыр. Сарапшылардың айтуынша, алдағы 5 жылда блокчейн әлемдік экономиканы ғана емес, күнделікті өмірді де өзгертеді. Қазақстанда блокчейн технологияларын реттеуге арналған заң жобасы дайындалып жатыр, оны енгізу бюрократия мен сыбайлас жемқорлықтан арылуға септігін тигізбек.

цифрлық қазақстан

Түйін

Әлемдік сарапшылар 2020 жылға қарай жаһандық экономиканың 25%-і цифрланады деп болжап отыр. Қазақстан да бес бағыт-бағдардан тұратын мемлекеттік бағдарлама әзірлеп, дамудың жаңа сатысына шығуды көздеп отыр. Жоба ойдағыдай іске асса, 2025 жылға қарай салық түсімі 1,7-2,2 триллион теңгеге жетеді деп жоспарланған.

Жаһандық озық тәжірибелерді қолдану халықтың өмір сапасын жақсартып, сапалы әрі жылдам қызмет алуға жол ашады. Жаңа технологиялар экономикалық өсімге, түрлі салалардың дамуына, қағазбастылықтан біржола құтылуға септігін тигізеді. Сонымен бірге қаржыны тиімді пайдаланып, ақпараттық қауіпсіздікті арттырады, «ақылды қалалар» тұрғызу жоспарын жеделдетеді. Еліміздің ғылыми-техникалық әлеуетінің артуы жаңа белестерге жетелей түсері анық.