«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ортамерзімді перспективада ел экономикасының даму қарқынын жеделдетуді және цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды, сонымен бірге ұзақмерзімді перспективада болашақтың цифрлық экономикасын құруға көшуге жағдай жасауды көздейді. Әсіресе, нақты сектордағы технологиялық қайта жабдықтау жобаларын іске қосу мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту — басым бағыт. әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті республикамыздағы жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет білім нысаны аумағындағы барлық процесті бір орталықтан басқаратын жүйе енгізді. 

Жағдаяттық басқару орталығы дегеніміз не, қызметі қандай? Студенттің білімін мұндай орталық қалай бақылайды? Жағдаяттық басқару орталығы директорының орынбасары Ернар Оңалбеков осы сұрақтарға жауап берді.

— Жағдаяттық басқару орталығы қандай қызмет ұсынады?

— Жағдаяттық басқару орталығын ашудағы мақсат — басшылыққа күнде болып жатқан түрлі оқиғаны, деректі мәліметті беру, басқарушылық шешімдер қабылдауға қызмет ету, көмектесу. Бір орталыққа үш қызмет біріктірілген.

Ернар Оңалбеков
Ернар Оңалбеков. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Біріншісі — білім беру үдерісін мониторингілеу қызметі. Бұл бөлімде әр күннің оқуға қатысты мәліметі жиналады. Орталықта сабақтың уақытында басталуы, мұғалімнің кешікпей келуі, емтиханның өз тәртібінде өтіп жатқаны бақыланады. Білім және ғылым министрлігі бекіткен сабақ кестесі күнде бейнекамералар арқылы қадағаланады. Аудиторияда мұғалім болмаса немесе студент аз болса, емтихан тәртібі бұзылса, дереу шара қолданылады. Бір де бір сабақта университеттің ішкі тәртібіне қайшы келетін іс-әрекет болмауы керек. Бұл қызметтің негізгі мақсаты — осы. Оны нәтижелі жүзеге асырып келе жатырмыз.

ҚазҰУ-дың Жағдаяттық басқару орталығы
ҚазҰУ-дың Жағдаяттық басқару орталығы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Екіншісі — қауіпсіздік қызметі. Мұнда университеттің аймағы үш деңгей бойынша бақыланады. Бірінші деңгей түгел кампусты, екіншісі оқу ғимараттары мен жатақханаларды, үшіншісі университеттегі арнайы орындарды қамтиды. Үш деңгейге бөліп, қарастыратын себебіміз — университетке келген адам осы үш жерден кіре алады. Кампусқа халық еркін кіреді, ғимарат пен жатақханаларға ID-карта қажет. Ал арнайы орындарға жүгінгенде күзет қызметі бар. Себебі арнайы орынға кіруге басшылықтағылар мен арнайы қонақтарға ғана рұқсат бар. Университеттегі қауіпсіздік жоғары деңгейге қойылған. Камера ғимараттардың ішіне де, сыртына да орнатылған. Соның бәрі тікелей осы орталыққа қарайды, Жағдаяттық басқару орталығынан бақыланады.

ҚазҰУ-дың Жағдаяттық басқару орталығы
ҚазҰУ-дың Жағдаяттық басқару орталығы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Үшінші қызмет — call-орталық. Қауіпсіздік қызметі мен call-орталық 24 сағат жұмыс істейді. Университетке қатысты көп мәлімет контакт-орталық арқылы жиналады. Кез келген адам қандай да бір мәселемен қоңырау шалса, сонда бағыттаймыз. Жазда көбіне ата-аналар мен талапкерлер хабарласып жатады. Қызметкерлер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді.

Call центр
Сall-орталық. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Орталықтың тағы бір ерекшелігі — әртүрлі ақпараттық жүйені қолдануымызда. Себебі кез келген ақпарат басшылыққа уақытында жетіп отыруы керек. Мысалы, «Универ» жүйесіне студент те, ата-ана да, мұғалімдер де кіреді. Мұғалім мен студент өзара байланыс орнатады. Ал орталықтан Perco бағдарламасы арқылы университетке ID-картамен кіретін адамдардың кіру-шығу уақыты бақыланады. Сонымен қатар Sins бағдарламасынан қай мұғалімнің қандай мақаласы, кітабы, жалпы еңбегі жарық көрді — соны білуге болады. Кейін осы жүйенің бәрін біріктіретін бағдарлама қажет болды.

Осы үшін университет Microsoft компаниясынан Power BI бағдарламасын сатып алды. Бұл жүйеде қанша студенттің білім алып жатқанынан бастап, мүмкіндігі шектеулі жандар туралы университетке қатысты барлық мәлімет бар. ҚазҰУ-ға оқуға көбіне Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстарынан келеді. Осындай ақпараттың бәрін Power BI жүйсінен біліп отырмыз. Осыған қарай әр факультет өздері талдау жүргізіп, қай облыстан талапкерлерді тарту керек екенін біледі. Кез келген мәселені талдағанда осы жүйеге жүгінеміз.

ҚазҰУ-да Жағдаяттық басқару орталығын ашу — университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың идеясы. 2012 жылдан бері осы идеяны жүзеге асыру мақсатында жобаның тұжырымдамасы құрылды. Орталықты құру үшін материалдық, техникалық база керек болған. Осының бәрін дайындап болған соң 2016 жылы Жағдаяттық басқару орталығы Қазақстандағы Жоғары оқу орындары арасында бірінші болып бізде ашылды. Кейін осындай орталықтар басқа оқу орындарында да ұйымдастырылып жатты. Басқа мекемелерден бізге келіп, тәжірибе алмасқандар болды. Негізінен мұндай орталықтар әкімдікте және Президент Әкімшілігінің қауіпсіздік кеңесінде бар. Алматы әкімдігінде де ситуацияны басқару орталығы биыл ашылды.

ҚазҰУ-дың Жағдаяттық басқару орталығы
ҚазҰУ-дың Жағдаяттық басқару орталығы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Университеттегі тәртіпті 24 сағат бақылау мүмкін бе?

— Білім беру үдерісіне мониторинг жүргізу күнде сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін жалғасады. Себебі сабақтар осы уақыт аралығында өтеді. Қарым-қатынас пен қауіпсіздік қызметі 24 сағат, демалыссыз жұмыс істейді. Өйткені шетелден адамдар хабарласуы мүмкін, олармен арада  сағат айырмашылығы бар. Сондықтан демалыс күндері кезекші отырады. Сонымен қатар Жағдаяттық басқару орталығы тек ректораттан бақылап отырмайды. Әр факультетте біздің қызметкерлер бар. Олар сабақты, емтиханды сол жерде жүріп қадағалайды. Себебі қадағалаудан басқа әртүрлі ситуацияда сол жерде болып, қызмет етеді. Мысалы, бір қауіпсіздік қызметінде 300-дей адам жұмыс істейді, кампус үлкен.

— Бейнекамера барлық жерге орнатылған ба?

 — Әлі де кампустағы, ғимараттардағы камера санын көбейтпекпіз. Себебі күш көп керек, қызметкерлер жетпейді. Оның үстіне, технология күнде жаңарады. Жаңа мүмкіндіктері бар аппараттар, бейнекамералар бар. Дамыған мемлекеттерде бейнекамераның жаңа түрлері орнатылады. Бұл — қауіпсіздік үшін де өте қажет әрі тиімді. Қазір адамның түрін анық көрсететін камера бар. Дәл осындай техниканы орнатуды жоспарлап отырмыз. Негізі ҚазҰУ-дың студенттері университеттің тәртібіне бағынады. Дегенмен ғимараттың әлі де бейнекамера орнатылмаған жерлері бар. Ең бірінші қай жерге қажет, сонда орнатамыз. ҚазҰУ-дың Ақпараттық даму институты қажет техниканы береді.

Төтенше жағдайлар кезінде — жер сілкінісі болғанда, электр желілерінен ақау шыққанда, ғимаратта өрт шыққанда әр нысан қалай реакция беретіні туралы 3D-үлгілер жасалып жатыр. Мысалы, өрт шыққанда адамдар қай жақтан шығуы керек, не істеуі керек — дәл осыны көрсететін 3D-видео дайындап жатырмыз. Осындай жауапты істерді орындап, университет тәртібін қадағалау — міндетіміз.

ҚазҰУ-дың Жағдаяттық басқару орталығы
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz