Қазақстан мен Нидерланды ауыл шаруашылығы мамандарын бірге даярлайды

Мәжіліс аппараты баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматыда Мәжіліс депутаттары Зағипа Бәлиева, Амангелді Дәуренбаев пен Бақтияр Мәкен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымымен кездесті. Олар университеттің инфрақұрылымымен, студенттердің оқуымен және педагогтар жұмысымен танысты.

Қазіргі уақытта Үкіметтің тапсырмасы бойынша жоғары оқу орнымыз әлем деңгейіндегі университетке айналып жатыр. Жаңа формация мамандары Вагенинген университетімен бірлесіп даярланады. Бүгінде университеттің ғылыми-оқыту инфрақұрылымы жаңартылып жатыр, — деді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есболов.

Кездесуде Зағипа Бәлиева студенттерді Жастар жылымен құттықтап, «100 нақты қадам» ұлт жоспары, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Nur Otan партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасының іске асырылу барысы туралы айтты. Оның айтуынша, Назарбаев Университеті тәжірибесін ескерген жағдайда Қазақстанның жоғары оқу орындарының халықаралық практикаға сай академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейтуге мүмкіндігі зор. 2018 жылдың 4 шілдесінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Жаңа заң бойынша жоғары оқу орындарына студенттерді қабылдау, профессорлар мен оқытушылар құрамы мен студенттер арақатынасын анықтау мәселелері бойынша құзырет берілді.

Nur Otan партиясының ХІХ съезінде Елбасы әлеуметтік саланы дамытудың кешенді үш бағытын белгіледі, оның ішінде тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарды қолдау, табысы аз азаматтардың тұрғын үйге қол жеткізу мәселесін шешу және білім мен денсаулық салаларын жақсарту, өңірлерді кешенді дамыту мәселелері аса өзекті. Осы бағытта көптеген нақты шара қолға алынып жатыр. Nur Otan еліміздің жетекші саяси партиясы ретінде алға қойылған барлық міндеттің орындалуын ұйымдастырумен қатар олардың сапасына да тұрақты түрде бақылау жүргізеді, — деді Зағипа Бәлиева.

Депутаттар Қазақ ұлт­тық аграрлық университетінің профессорлық-оқытушылар құрамының пікірін тыңдап, еліміздің ауыл шаруашылығын жаң­ғырту мәселелерін талқылады.