«Қазпоштаның» 25 жылдығына арналған мерейтойлық маркалар айналымға енді

Астанада 9 қазан — Дүниежүзілік пошта күнінде Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Қазпошта» акционерлік қоғамы бірлесіп, Қазақстан поштасының 25 жылдығына арналған мерейтойлық және атаулы күндер сериясынан тұратын пошталық маркаларға арнайы белгі қою салтанатын өткізді.

Мерекелік іс-шараға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, «Қазпошта» акционерлік қоғамының төрағасы Сәкен Сәрсенов, 1977 жылдан бастап 2018 жылдың тамыз айына дейін пошта саласында ұзақ жыл бойы аянбай еңбек еткен  ардагер, құрметті байланысшы Светлана Цветова, Астана почтамтының операторы, 3 ай бұрын ғана еңбек жолын бастаған жас маман Әлішер Сатыбалдин қатысты.

Мерекелік шараның алдында жиналғандардың назарына «Мен пошташымын» бейнеролигі ұсынылды. Бейнероликте заманау технологиялардың қарқынды дамуымен бірге өзгеріп жатқан пошташылардың қызметі баяндалды. Бүгінгі уақытта бұрынғыдай айлап хат күтуді жылдамдық пен жаңа қызметтер алмастырды. Соның бірі — заман талабына сай өмір ағынына қосылған электрондық сауда және бұл сала қызметкерлерінің күннен күнге халыққа қызмет көрсетуді жеңілдету мақсатында тынбай еңбек етіп жатқаны көрсетілді.

Фото: Нұржас Жақсыбай

Салтанатты шараны ашқан Дәурен Абаев пошташыларды кәсіби мерекемен құттықтады.

Құрметті пошта қызметкерлері, ең алдымен сіздерді, отбасыларыңызды бүгінгі пошта күнімен шын жүректен құттықтаймын. 25 жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын! Бүгін мен білетіндей Дүниежүзілік пошта ұйымының да күні, сондықтан да барлығыңызға тек жақсылық, табыс, жұмыстарыңыз әрқашан да оң болсын деп тілеймін. Бұл — шын мәнінде тамаша мереке. Сіздер тарихы мен өзіне сай дәстүрі қалыптасқан ұйым құра білдіңіздер. 25 жылда үлкен белесті бағындырдыңыздар, заман талабына сай өзгердіңіздер. Келешекте де еңбектеріңізге табыс тілеймін! — деді министр.

Дәурен Абаевтың айтуынша, «Қазпошта» қызметкерлері «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда үлкен роль атқарады.

Сіздердің тарихтарыңыз, дәстүрлеріңіз өте бай. Сіздер секілді еліміздің барлық бұрышында мекемесі бар ұйым көп емес. 25 жыл ішінде үлкен жұмыс істедіңіздер. Уақыт талабына да сай өзгердіңіздер. Қазір сіздердің алдыларыңызда үлкен міндеттер тұр. Заман бір орында тұрған жоқ. Елімізде енгізіліп жатқан цифрландыруға сай сіздер де табысты өзгеріп жатырсыздар. Цифрландыру дәуірінде цифрлық поштаны іске қостыңыздар. Сәкен Әбдіжапарұлы (Сәрсенов) екеуіміз цифрлық поштаны көрген болатынбыз. Бұл қазақстандықтарды пошта саласында жаңа сатыға көтеретін алғашқы қадам болды. Сәлемдемелерініңіз өз уақытында жіберіліп, көрсеткіштеріңіз тек жоғары болсын, — деген ниетін жеткізді министр.

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов пошта қызметкерлері мен әрдайым қолдау көрсететін министрлікке алғыс білдірді.

Бүгін дүниежүзілік пошта күнінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірлесіп, Қазақстан поштасының 25 жылдық мерейтойына арналған пошта маркалары блогын айналымға шығаруға дайын. 4 маркада Қазақстан поштасының жарқын беттері бейнелеген. Бұлар — тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш маркасы «Алтын сарбаз», Қазақстандағы бірінші пошта телеграфы үйі, поштаның соңғы жетістіктері бейнеленген және болашақ қазақстандық поштаны балалар көзімен көрсеткен маркалар. Бүгін енгізіп отырғанымыз жай ғана маркалар емес, біздің мақтаныш ететін нышандарымыз. Құрметті іс-шараға қатысушылар, әріптес пошта мамандары,  бүгін біз қос мерекені Дүниежүзілік пошта күнін әрі «Қазпоштаның» 25 жылдығын атап өтіп отырмыз. Мен «Қазпоштаның» 23 мыңнан астам қызметкерінің әрқайсысын осынау айтулы оқиғамен құттықтаймын. Біздің әлі де болашақта атқаратын жоспарларымыз көп, оларды сіз бен біз жұмыла атқаратынымызға сенімім мол, — деп құттықтады.

«Қазпоштаның» 25 жылдығына орай арнайы мерейтойлық және атаулы күндер сериясынан тұратын 4 пошталық марка шығарылды. Төрт маркада да Қазақстан поштасының жарқын сәттері бейнеленген.

Бірінші маркада Қазақстанның тұңғыш пошталық маркасы «Алтын сарбаз» бейнеленген. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы маркасы 1992 жылдың наурыз айында айналымға енгізілген.

Екінші маркада Қазақстандағы бірінші пошта телеграф-кеңсесі бейнеленген. Еліміздегі пошта телеграф-кеңсесі 1860 жылы Верныйда (Алматы) ашылған.

Үшінші маркада Қазақстан поштасының қазіргі келбеті көрсетіледі.

Төртінші маркада «Болашақ пошта балалар көзімен» атты сурет бейнеленген.

Марка көлемі — 52х36 миллиметр, марканың номиналы — литер S, Қазақстан аумағында 50 грамға дейінгі салмақтағы тапсырысты хаттың тарифіне сәйкес келеді.

Пошта маркасының суретшісі — Ольга Киласева.

Бұл — Қазақстан Республикасында басып шығарылған 1128-ші пошта маркасы.

Салтанатты шара пошта маркаларына арнайы белгі қоюмен жалғасты. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пен «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов, пошта саласының ардагері Светлана Цветова және жас маман Әлішер Сатыбалдин жаңа пошталық маркаларға штемпельдік белгі басып, қолдарын қойды.

Дүниежүзілік пошта күні Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде аталып өтетін маңызды күндердің бірі саналады. Бұл мерекелік дата 1874 жылы Дүниежүзілік пошта одағының XIV конгресінде қабылданып, 1969 жылы Токиодағы конгресте 9 қазанда аталып өтеді деп белгіленді. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік пошта одағынтың құрамына 192 ел кіреді. Одақтың деректеріне қарағанда, халықаралық пошта 6800 тілде сөйлейді, ал әлем бойынша бір күнде 3 миллион адресат пошта жәшігінен хат алады екен.