Қаржы министрлігінің екі комитетіне жаңа басшы тағайындалды

ҚР Қаржы министрінің бұйрығымен Айдын Ашуев ведомствоның Мемлекеттік сатып алулар жөніндегі комитетінің төрағасы қызметіне, Ербол Қарашүкеев Қазынашылық комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Айдын Ашуев 1976 жылы Алматыда дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Қаржы академиясын бітірген. Еңбек жолын 1995 жылы бастаған. Әр жылы коммерциялық секторда, «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ, «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМҚК, «ҚазАгро» «Ұлттық холдингі» АҚ, «ҚазАгрогарант» АҚ, ҚР Статистика агенттігінде жұмыс істеді, оның ішінде «Ақпараттық есептеу орталығы» РМК басқарды. 2016 жылдан бастап осы уақытқа дейін «Амангелді Газ» ЖШС Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

Ербол Қарашүкеев 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Қазіргі заманғы гуманитарлық институтты бітірген. Статистика агенттігінде, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, Қаржы министрлігінде, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің «Қаржылық бұзушылықтарды зерттеу орталығы» РМК-да, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ және тағы басқа мекемелерде қызмет атқарды. 2016 жылдан бері ҚР Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарып келді.