БАҚ, бюджет, халық. Nur Otan саяси кеңесі отырысында не айтылды?

Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, басқосуға саяси кеңес бюросының мүшелері, Үкімет мүшелері, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракция өкілдері, партияның өңірлік филиалдарының басшылары және олардың орынбасарлары, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты.

Кеңейтілген отырыста партияның сайлауалды бағдарламасы мен съездерде қабылданған шешімдердің орындалу барысы, партия жұмысын жаңғырту және саяси кеңес бюросының құрамына өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев сайлау заңнамасын реформалау нәтижелеріне тоқталып, қабылданған пропорционал жүйе озық әлемдік тәжірибеге сай келетінін және демократияны дамытуға септігін тигізетінін айтты.

Партия проблемаларды нақты шешу жолдарын ұсынып, тиімді жұмыс істеуі керек, сонда беделіміз де артады, халық та қолдайды. Экономика мен саяси даму бағытында көшбасшы атанған елдердің тәжірибесінен сабақ алғанымыз жөн, — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Nur Otan партиясының төрағасы алдағы сайлаудың конституциялық мерзімде өтетінін тағы бір мәрте атады. 

Қазір Үкімет пен бүкіл атқарушы билік білек сыбанып, Nur Otan партиясы мен жаңадан сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды уәделерін орындауға, адамдардың нақты проблемаларын шешуге тиіс. Ең алдымен, өңірлерде жұртшылықпен тығыз жұмыс істеуі қажет, — деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам — Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Атап айтқанда, ол партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және партиядан лайық емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдауды, барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыруды, биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыруды тапсырды.

Партияның Мәжілістегі фракциясының жұмысын барынша күшейту керек. Бұл — партия міндеттерін орындаудың және атқарушы органдарға ықпал етудің негізгі тетігі. Фракцияның мәртебесін көтеру үшін оның жетекшісі лауазымына Мәжіліс төрағасы Нығматуллин Нұрлан Зайроллаұлын сайлауды ұсынамын. Ол Мәжілістің спикері ретінде алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу және фракция жұмысын жандандыру үшін барлық ресурсты жұмылдыра алады, — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев халықпен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізуді, қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыруды және партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдауды ұсынды.

Қазіргі таңда жаңа медиа саласында шындыққа жанаспайтын ақпарат таратушы арналар көбейіп келеді. Жергілікті, қарапайым мәселелер республикалық деңгейге дейін көтеріліп жатыр. Қоғамдық санада жалған түсінік қалыптасып отыр. Nur Otan өзінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарауы қажет. Партияның бұқаралық ақпарат құралдары объектив және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуға тиіс, — деді партия төрағасы.

Тұңғыш Президент ел алдында тұрған экономикалық проблемаларға тоқталып, тұрақты өсімді қамтамасыз ететін жаңа шаралар ұсынды. Бизнес үшін салық ауыртпалығын төмендету арқылы экономикаға салық бойынша ынталандыру тетіктерін енгізу қажет екенін айтты. 

Бюджет саясатын қайта қарау қажет. Мемлекеттік сатып алулар ашық емес және сыбайлас жемқорлық жаппай белең алған салаға айналды. Құны 1,8 триллион теңге болатын мемлекеттік сатып алулардың 65%-і бір көзден жүзеге асқан. Мемлекеттік сатып алулар туралы заңды өзгерту керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы белсенді сауда саясатын жүзеге асыру және қаржы секторын тұрақтандыру шараларын қабылдаудың маңызды екенін айтты. Жасанды интеллектіні жан-жақты дамытуға мүмкіндік беретін заңнамалық база әзірлеуді, осы саланы кәсіпкерлік және ғылыми тұрғыдан қолдау үшін экожүйе қалыптастыруды ұсынды. 

Қазіргі таңда жасанды интеллект алдыңғы қатарға шықты. Оны тіршіліктің барлық саласына енгізу ауқымы жағынан уранның бөлінуі туралы жаңалықты ашумен тең. Жасанды интеллект денсаулық сақтаудан бастап, өндіріс пен қаржы секторына дейінгі барлық саланы түгел трансформациялайды. Жасанды интеллект жаңа әлемдік тәртіп орнатып, жаңа жаһандық көшбасшылар мен аутсайдерлерді айқындайды. Сондықтан біз оны қолдау үшін қазірден бастап ауқымды және жүйелі шаралар қабылдауымыз қажет, — деді партия төрағасы.

Отырыс барысында партия саяси кеңесі бюросының жаңа мүшелері ретінде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі және Jas Otan жастар қанатының көшбасшысы Дәулет Кәрібек сайланды.