Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қорының дерек талдаушыларға арналған Yessenov Data Lab (YDL) жазғы мектебі 19 маман дайындап шығарды.

Қордың қоғаммен байланыс жөніндегі өкілдерінің хабарлауынша, жазғы мектепте студенттерге Мәскеу мен Санкт-Петербург сарапшылары сабақ берді. Оқу процесін «Яндекс» мамандары түзген.

Бір жыл бұрын Yessenov Data Lab 21 студентті сәтті оқытып шығарған еді. Оқу бітірген студенттердің барлығы жұмысқа орналасты, магистратураға түсті және оқуға дейін істеген компанияларында жұмысын жалғастырды. Біз биылғы түлектерді де осындай нәтиже күтіп тұр деп үміттенеміз, өйткені елімізде деректерді талдау саласындағы жас мамандардың сұранысы бір жыл ішінде айтарлықтай өсті, — дейді академик Ш.Есенов атындағы қордың бағдарламалар менеджері Роумиса Башаева.

Yessenov Data Lab жазғы мектебі
Фото: Ш.Есенов атындағы қордың қоғаммен байланыс қызметі

Осы жылдың оқытушылары арасында профессорлар, ғылым докторлары Қуаныш Әбешев пен Тимур Бақыбаев (AlmaU, Қазақстан), Дмитрий Русанов (e-lama.ru), Марина Горлова (Yandex.Money), Михаил Липкович (Аssaia), Валерий Жук (ClearScale), BigData Team командасы және корпоратив қосымшалар нарығында әлемдік көшбасшы болып танылған SAP компаниясының мамандары болды. Мектептің биылғы бағдарламасы алғашқы оқу тәжірибесін ескере отырып кеңейтіліп, тереңдетілді.

Студенттеріміздің барлығы да ынталы. Олармен жұмыс істеу өте қызық және оңай. Барлық студент білім алуға терең көңіл бөлді және тапсырмаларды орындауға жауапкершілікпен қарады. Әсіресе, олардың әрдайым жедел кері байланыс жасағанын атап өткім келеді. Соның арқасында біз бағдарлама мен тапсырмаларды жылдам қайта қарап, оқу процесін де қайта құрдық, — деді BigData Team басшысы әрі негізін қалаушы Алексей Драль.

Yessenov Data Lab жазғы мектебінің мақсаты — дерек талдаушыларды дайындау, қазақстандық ұйымдар мен компанияларға дерек талдауды қолдануға жәрдемдесу және осы саладағы зерттеу қызметін ынталандыру. Мектеп конкурсына 120-дан астам өтініш берілді. Барлық үміткер бірнеше айға созылған қатаң іріктеуден өтті. Басқа қалалардан келген жеңімпаздарға Ш.Есенов атындағы қор Алматыда тұру мен жол жүру ақысын төледі. YDL студенттеріне апталық стипендия төленді.