Тянь-Шаньда альпинистерді іздеу операциясы нәтиже бермеді

Қырғызстанда Тянь-Шаньда жоғалып кеткен Қазақстан альпинистерін іздеу тоқтатылды. Әскери альпинистердің Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеевті іздеу-құтқару операциясы еш нәтиже бермеді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында айтылды.

Ешкімнің ізі байқалмады. Тепловизормен сканерлеу нәтиже бермеді. 21 тамызда Жеңіс шыңы ауданында бұлт төменге түсіп тұрды. Аспанның ашылуын бір күн күттік. 22 тамызда көктен шолдық. Нәтиже болмады. Қар көшкіні қаупі сейілмей, іздеуді жалғастыруға мүмкіндік бермеді, — деді іздеу-құтқару операциясының жетекшісі Василий Пивцов.

Операция мүшелерінің айтуынша, ауа райының қолайсыздығына қарамастан көп жұмыс істелген. Жоғалған альпинистердің туыстары баспасөз мәслихатында оларға алғыс айтты.

Отбасымыздың атынан екі елдің мемлекеттік органдарына алғыс айтамыз. Қазақстанның Қырғызстандағы консулына, Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысына, өз ісінің шебері — альпинистерге көп рақмет! Жігіттер шынымен де көп күн жұмыс істеді, ұйықтамады, бірлесе еңбек етті. Еліміздің лайық азаматысыздар, жақын дос, нағыз адамсыздар. Бірақ бүгінде біз үмітімізді үзбей, альпинистеріміздің оралатынына сенеміз, — деді жоғалған альпинистердің бірі Мұрат Өтепбаевтың әйелі Шахаризада Шахбұтова.

22 тамыз күні Қазақстан әскерилерінің Жеңіс шыңын тікұшақпен 14 рет шолып шыққаны хабарланған еді. Іздеу-құтқару операциясы мүшелері шыңнан тірі адам белгісі табылмағанын мәлімдеді.

Құтқарушылар шыңда жоғалып кеткен альпинистер — Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеевті іздестіруді 19 тамызда бастады. Альпинистердің туыстары іздеуді тоқтатпауды сұраған еді. Бұған дейін жайсыз ауа райына байланысты іздеу бірнеше рет тоқтатылды.

4 тамызда Қазақстанның үш альпинисі Тянь-Шаньның 7000 метр биіктегі Жеңіс шыңына экспедицияға аттанды. Олар — 10 жылдан астам тәжірибесі бар альпинистер Александр Чечулин, Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев.

15 тамызда Александр Чечулиннің сырқаттануына байланысты альпинистер төменге түсе бастайды, сол кезде қар көшкініне тап болған. Бір күннен соң Александр Чечулиннің қайтыс болғаны хабарланды. Серіктері оның мәйітін биікте қалдырып, тағы төменге түсе бастайды. 18 тамызда Қазақстанның құтқарушылары оқиға орнына аттанды, бірақ ауа райының жайсыздығына байланысты борт әлі күнге дейін альпинистерге жете алмай жатыр. Алматы альпинизм федерациясы Тянь-Шаньдағы әріптестерінің тірі қалуы мүмкін емес екенін хабарлады.

ҚР Қорғаныс министрлігінің жоғалып кеткен альпинистер туралы анықтамасы:

Өтепбаев Мұрат Матайұлы — 1970 жылы туған, альпинизмнен спорт шебері атағына кандидат, 3-санатты нұсқаушы, «Қар қабыланы» (2012 жыл). Бесінші және одан жоғары санатта 15 мәрте және жетімыңдықты, оның ішінде Жеңіс шыңын (7 439 метр) 11 рет бағындырды. Іздестіру және құтқару жұмыстарына қатысты.

Корнеев Андрей Сергеевич — 1977 жылы туған, альпинизмнен 1-разряд (спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындағанға дейін күрделілігі 6А болатын шыңды бір рет бағындыру қалды). Жетімыңдыққа, оның ішінде Жеңіс шыңына 12 мәрте және Хан Тәңірі шыңына 6 рет шықты. Құтқару жұмыстарына бірнеше рет қатысты.

Чечулин Александр Борисович — 1961 жылы туған, альпинизмнен спорт шеберлігіне кандидат, альпинизм бойынша бапкер-нұсқаушы, «Қар қабыланы» (2011 жыл). Бесінші және одан жоғары санатта 15 мәрте, оның ішінде 14 рет жетімыңдыққа, Жеңіс шыңына (7 439 метр) шықты. Іздестіру және құтқару жұмыстарына қатысып, басқарды.

Айта кету керек, «Қар қабыланы» атағы ТМД-ның барлық жетімыңдық шыңын бағындырған альпинистерге беріледі.

ДереккөзTengrinews.kz