Құтқарушылар Тянь-Шаньда альпинистерді іздеуге кірісе алмай отыр

ҚР Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі құтқарушылар Тянь-Шаньдағы альпинистерді іздестіруге кірісе алмай отырғанын хабарлады.

ҚР ІІМ ТЖК «Қазәуеқұтқару» мекемесінің Ми-171 тікұшағының әскери альпинистер мінген борты қазіргі уақытта альпинистердің «Қарқара» лагерінен ұшып шыға алмай отыр және ауа райының нашарлауына байланысты іздестіру жұмысына кірісе алмай отыр. Тауда қар жауып тұр. Күннің ашылғанын күтеміз, — деп хабарлады Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Тянь-Шаньдағы альпинистерді іздеуге тәжірибелі мамандардан құралған әскери борт аттанғаны хабарланған еді. Оқиғаның хронологиясын айта кетсек, 4 тамызда Қазақстанның үш альпинисі Тянь-Шаньның 7000 метр биіктегі Жеңіс шыңына экспедицияға аттанды. Олар — 10 жылдан астам тәжірибесі бар альпинистер Александр Чечулин, Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев.

15 тамызда Александр Чечулиннің сырқаттануына байланысты альпинистер төменге түсе бастайды, сол кезде қар көшкініне тап болған. Бір күннен соң Александр Чечулиннің қайтыс болғаны хабарланды. Серіктері оның мәйітін биікте қалдырып, тағы төменге түсе бастайды. 18 тамызда Қазақстанның құтқарушылары оқиға орнына аттанды, бірақ ауа райының жайсыздығына байланысты борт әлі күнге дейін альпинистерге жете алмай жатыр. Алматы альпинизм федерациясы Тянь-Шаньдағы әріптестерінің тірі қалуы мүмкін емес екенін хабарлады. Айта кету керек, шыңдағы альпинистерді іздеуге Қазақстанның альпинизм және құзға өрмелеу спорты федерациясының бас хатшысы Қазыбек Уәлиев пен тәжірибелі альпинистер Василий Пивцов пен Мақсұт Жұмаевтар қатысып жатыр.

ДереккөзZakon.kz