Алматыда блогерлер, қаржыгерлер мен заңгерлер Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспановпен кездесіп, халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы бірқатар проблеманы талқылады.

Халыққа қызмет көрсету орталығын құтқарып тұрған нәрсе — құжатты онлайн алу. Әсіресе, тұрғындар мекенжай анықтамасын алуға көп жүгінеді. Оны білім беру мекемелері, мектеп, балабақша, әкімдік сұрайды және жеке кәсіп ашатындарға керек. Еңбек кодексін қарағанымызда мекенжай анықтамасы болуы керек дегенді оқымадық. Оның үстіне, құжатты толтырғанда азаматтар қазір тұрып жатқан мекенжайын жазады. Демек, басшыңызға сіздің тұрғылықты жеріңіздің анықтамасы неге керек? Осы жылы біз мекенжай анықтамасынан арылуды ойлап отырмыз. Мұндай құжатты еш жердің талап етпегені дұрыс. Бұған сіздер де ой қосыңыздар. Мұндай форматтағы кездесуді жай өткізіп отырғанымыз жоқ. Әрқайсыңыздың пікіріңізді тыңдап, қызмет көрсетуді жақсарту — мақсатымыз, — деді Абылайхан Оспанов.

Кездесуде халыққа қызмет көрсету орталықтарына қатысты біраз мәселе айтылды. Соның ішінде қызметкерлердің жалақысы сөз болды. Блогер Бейбіт Әлібековтің айтуынша, қызметкерлерге жағдай жасалмайынша мәселе шешілмейді.

Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, аз уақытта жұмысыңды бітіріп шығу мүмкін емес. Бұл жерде сол жердегі қызметкерлердің де үлесі бар. Естуімізше, ХҚКО-да жұмыс істейтіндердің айлығы — 70 мың теңге. Айтыңыздаршы, сіздер 70 мың айлыққа жұмыс істер ме едіңіздер? Бұған қоса, мен баратын ХҚКО-ның ғимараты бұрын балабақша болған. Сіздерді жақсы ғимараттың орнына ескі балабақшаға апарып, отырғызып қойған. Бәрін дұрыстау үшін қызметкерлерге жағдай жасаңыздар, — деді Бейбіт Әлібеков.

Абылайхан Оспанов бұл мәселеде мемлекеттің үлесі басым екенін айтты.

Қызметкерлердің жалақысы туралы тақырып тура мұғалімдердің айлығы сияқты. ХҚКО-дағы қызметкерлерге айлық бюджеттен бөлінеді. Мемлекеттен қанша бөлінеді, олар сол ақшаға сай жұмыс істейді. Бүкіл аппаратты, қызметкерлерді жаңа ғимаратқа орналастыру да қаражатқа келіп тіреледі. Біз де бұл проблемаларды айтып жатырмыз. Тек нәтижеге бірден қол жетпейді, — деді вице-министр.

Абылайхан Оспанов
Фото: Еңлік Сақтан

Вице-министрдің айтуынша, биыл 13 мың адам көлігінің құжатын онлайн рәсімдеген. 44 мыңға жуық адам жүргізуші куәлігін ХҚКО-ға бармай-ақ алған. Бұл тұста «Қазпоштаның» да еңбегі бар.

Қазір техпаспорт рәсімдеуді нотариусқа тапсыруды немесе оны алып тастауды ұсынғымыз келеді. Себебі көлікті басқа адам сатып алғанда техпаспортты ауыстыру керек. Сондықтан біріншіден, техпаспортқа көлік иесі туралы жазбауды ұсындық. Екінші ұсыныс — Қазақстанда электрон техпаспортпен жүру, яғни адам құжатын қайта рәсімдегенде ол базада жаңарып тұратын жағдай жасалуын талап еттік. Сонда әр жүргізуші Қазақстанның ішінде құжатын кез келген жерден электрон түрде алады, көрсетеді. Үшіншіден, көлікті сатып алған адам оның нөмірін ауыстырмай, жүре беретіндей бірнәрсе ойластыруды ұсындық. Осы ұсынысымыз қазір Ішкі істер министрлігінде қаралып жатыр, — деді ол.

Кездесуге жиналғандардың айтуынша, жаңа мүмкіндіктер болғанымен әлі де қызмет көрсету сапасы нашар. Egov.kz сайтындағы кей сервис те түсініксіз.

Мұның бәрі математикалық тәсілден деп ойлаймын. Маркетологтармен көбірек жұмыс істеу керек шығар? — деді блогер Әлішер Елікбаев.

Блогердің бұл сұрағына IT-маман, Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің мүшесі Бағдат Мусин жауап берді.

Бәріңіздің пікіріңізді дұрыс деп есептеймін. Кез келген жаңа жобаны бастамай тұрып, осылай әр саланың адамдары жиналып, пікірін айтатын орта болғаны дұрыс. Мұны қолға алайық, бізге де тұтынушының идеясы, ойы маңызды болып тұр. Тек бірлесіп, құжатқа қатысты қызметтерді жақсарта аламыз, — деді Бағдат Мусин.

Сонымен қатар кәсіпкер Қуаныш Шонбай халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінетін аудитория туралы пікірін білдірді. Оның айтуынша, мемлекет бір заңды қабылдағанда оны орысша сөйлейтін аудиторияға ғана бағыттайтындай көрінеді. Ал қазақ аудиториясы мен қоғамның орысша сөйлейтін мүшелерін салыстыруға келмейді.

Қызметкерлер қарапайым халықпен қазақша сөйлессе және менталитетке сай түсіндірсе, қазақ аудиториясымен жұмыс істеудің оңтайлы тәсілін тапса, бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Сонымен қатар қызметкерлердің де жұмысын жеңілдету керек. 600 қызметті олар қалай жаттайды? — деді Қуаныш Шонбай.

Қуаныш Шонбай
Фото: Еңлік Сақтан

Цифрландыру мәселелері талқыланған кездесуде заңгерлер мен қаржыгерлер жұмысқа орналасарда талап етілетін құжаттарға байланысты ұсыныс та айтты. Олардың пікірінше, азаматтар жұмыс ауыстырған сайын халыққа қызмет көрсету орталығына барып құжат жинауға мәжбүр болмауы керек. Жұмыс берушіге керек құжат азаматтың рұқсатымен тиісті мекеме-кәсіпорынға электрон түрде жетіп отырғаны дұрыс. Министрлік өкілдері бұл ұсынысты қолдады.