IT-маманның аздығы — тек Қазақстанда емес, бүкіл әлем елдерінде бар үлкен мәселе. Инновация мен технология күн сайын жаңарған заманда оларға сұраныс та арта түсті. Әлемдік рейтинг бойынша ең қажет мамандықтар тізімінде IT-мамандар екінші орын алады екен. Қазір жаңа технологиялар тауар жасаудан бастап, өндіріс, транспорт сынды барлық салаға ықпал етіп жатыр.

Қазақстандағы IT-кадрлар. Потенциалы мен сапасы

Қазақстан ішкі қажеттілік пен жаһан талабына байланысты ақпараттық технология мамандарын даярлауды мықтап қолға алды. 2017 жылы қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының төртінші бағыты бойынша IT-мамандарды даярлау міндеті жүктелді. Осыған орай соңғы жылдарда кадр мәселесін шешу жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр.

Статистика бойынша жыл сайын отандық ЖОО мен колледждерді 18 мың ақпараттық технология маманы бітіріп шығады екен. Алайда елдің цифрлық экономикасын дамыту үшін бұл көрсеткіш аздық етері анық. Осы бағытта мемлекет тарапынан көптеген жеңілдік, жағдай жасалып отыр. Жетістіктер де жоқ емес. Бүгінде елімізде 2001 IT-сынып, 21 IT-лицей, 1406 робототехника кабинеті ашылып үлгерді.

IT-маман, ІТ-технология

Ал IT-мамандар үшін бөлінетін гранттарға келер болсақ, 2016-2017 оқу жылында бакалавр мен магистратураға 37 мыңнан астам грант бөлініп, оның 4719-ы АКТ-мамандарына бағытталған. Ал 2017-2018 оқу жылында жалпы 46 мыңнан астам грант қарастырылып, оның ішіндегі 6236 грант ақпараттық технология мамандарына берілді. 2018-2019 оқу жылында 63 мың грант бөлу жоспарда тұр, оның 11 мыңы IT-мамандарға арналмақ.

Қазақстанда IT-мамандар мектептерде де, жоғары оқу орнында да оқытылады. 2018-2019 оқу жылында 5-11-сынып оқушыларына арналған «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні енгізілді. Ал 2019-2020 оқу жылында бұл пәнді оқушылар 3-4-сыныпта оқиды. Одан кейін 1-сыныптан бастап оқыту жоспарда тұр. Осы мақсатта арнайы оқытушыларды дайындау жұмысы да қолға алынды. Мысалы, Назарбаев интеллектуал мектептерінің базасында соңғы үш жылда 6500 мұғалім оқып шыққан. Олар робототехника, 3D-принтинг және программалауды меңгерді. Бұған қоса, 5-11-сыныптарға сабақ беретін оқытушылар үшін роботехника пәнінің таңдамалы курсы жасалды.

ЖОО бойынша IT-мамандар еліміздегі жеті мекемеде даярланады. Олар — Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қаныш Сәтпаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университеті, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті.

Биылғы оқу жылы еліміздің IT-саласы үшін жағымды жаңалықтармен басталғалы тұр. Дәлірек айтқанда, 1 қыркүйекте ашылатын Астана IT университеті студенттер үшін 600 грант бөліп отыр. Білім алушылар бұл жерден цифрлық криминалистиканы, робототехниканы, жасанды интеллект пен программалауды меңгере алады.

Сарапшылар не дейді?

Қазақстан ІТ-компаниялар қауымдастығының президенті Нұрлан Исиннің пікірінше, АКТ-маманы болу үшін көп еңбектеніп қана қоймай, әлемдік тәжірибені де толық игеру керек.

IT-мамандарға сұраныс артып келеді. Жалпы айтқанда IT-саласын дамытпай ақпараттық технологияны басқару мүмкін емес. Сондықтан елімізде IT-мамандар, IT-саласы трендте деп айтсақ болады. Бұл — тәжірибені көп керек ететін, еңбекті көп қажет ететін мамандық. Оны игеру үшін барлық елдің тәжірибесінен хабардар болу керек деп есептеймін, – дейді Нұрлан Исин.

Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Дамир Шыныбековтың айтуынша, ақпараттық технология маманына ішкі, сыртқы нарықта да сұраныс жоғары.

Осы мамандық бойынша жұмыссыздық мүлде жоқ. Оларға ішкі нарықта да, шетелде де сұраныс өте жоғары. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша кемінде 60 мың маман талап етіліп отыр, – деп атап өтті Дамир Шыныбеков.

Әлемдік тәжірибе

Үздіктер қатарынан көрініп жүрген мемлекеттер инновация мен жаңа технологияны жолға қойған. Әлем елдері ақпараттық технология саласындағы кадр мәселесін шешуде екі негізгі тенденцияға назар аударады. Біріншісі жаһан жұртына ортақ ғылыми тәсіл болса, екіншісі — халықаралық стандарттар. Дегенмен 1990-жылдардың соңында әлемнің алпауыт компанияларының көбі кадр дағдарысын, соның ішінде IT-мамандарын ауадай қажет етті.

Интернет
Фото: Liter.kz

Дамушы елдер батыс елдерінен кадрлар шақырып, өзара алмасып отырды. Кей ел IT-қызметті экспорттаушы болса, енді бірі импортқа мұқтаж. Экспорттаушы мемлекеттер — Оңтүстік Америка, Шығыс Еуропа, Үндістан, Оңтүстік-шығыс Азия, Ресей және кейбір ТМД елі болса, импорттаушы мемлекеттер – АҚШ, Батыс Еуропа және Аустралия.

АҚШ

Кез келген компьютер маманы Google, Microsoft және Apple сияқты алпауыт компаниялардың отанында білім алуды армандайды. Өйткені дәл осы елде әлемдік сұранысқа сай келетін IT-мамандарды даярлайды. Cала бойынша үздік университет — Массачусетс технологиялық институты. Стэнфорд университеті де мықтылардың қатарында. Ал Карнеги-Меллон университеті болса, ғылым мен техника саласын зерттеу жүйесімен әлемге әйгілі. Онда қазіргі технологиялық тренд саналатын жасанды интеллект пен роботехниканы оқытады әрі зерттеумен айналысуға мүмкіндік жасалған. АҚШ-та IT-саласы жоғары жылдамдықпен дамып келеді. Сол себепті де бұл мемлекетте ақпараттық технология мамандарының жетіспеушілігі бар. Атап айтқанда, Финикс, Колумбус, Денвер, Даллас, Бостон, Остин, Сиэтл, Сан-Франциско, Сан-Хосе қалаларында АКТ-маманына сұраныс көп.

Үздік бизнес идеялар
Иллюстрация: dribbble.com © Dmitrii Kharchenko

Үндістан

Үндістанда IT-нарық жақсы дамыған, кәсіби мамандары жеткілікті. Бұл ел ақпараттық технология қызметтері мен өнімдерін экспортқа шығарумен әйгілі. Олардағы білім жүйесі сапалы мамандарды дайындауды әлдеқашан жолға қойған. Сондықтан болар өзге мемлекеттерде үнді IT-маманына сұраныс жоғары. Дели және Бомбейдегі технологиялық институттар кәсіби технологтар мен инновация мықтыларын дайындап шығарады екен. Үндістанда мамандандырылған программистердің барлығы ағылшын тілін жетік біледі. Бұл да болса технология тілін білуге, меңгеруге айтарлықтай септігін тигізуде. Айта кетерлігі, «үндінің технология ғажайыбын» құруда ұлттық үкіметтің жүргізген саясаты үлкен роль атқарды.

Израиль

Израиль IT-мамандарды даярлау бойынша әлем елдері арасында алдыңғы орында. Ондағы 8 университет пен 60 академиялық колледжде ақпараттық технология мамандарын оқытады. Олардың арасындағы ең үздігі — Technion политехникалық институты және Иерусалимдегі Еврей университеті. Израиль мектептерінде информатиканы оқу үшін оған дайын болу қажет. Өйткені арнайы күштер (спецназ) мектептерінен кем түспейді. Осылайша олар компьютер мамандарын даярлауда тәртіп пен дисциплинаны қолданады. АКТ-саласының болашақ мамандарын әскери жағдайды білуі үшін, бірлескен технологиялық жобалар жасауы үшін әскерге жіберіп отырады.

IT-мамандар — кез келген мемлекеттің IT-cаласын көтеретін бірден-бір күш. Біріншіден, ақпараттық технология маманының сапасы елдің цифрлық экономикасын алға жылжытуға әсер етеді. Екіншіден, олар елдің инновациялық әрі технологиялық  потенциалын арттырып, өмір сапасын жақсартады. Үшіншіден, халыққа көрсетілетін қызметтердің деңгейі жоғарылайды.

Болашақта мемлекеттер арасындағы бәсеке халықтың компьютер сауатымен, жаңа технологияны енгізу қарқынымен өлшенеді. Цифрлық экономика қай деңгейде болса да, IT-мамандарға сұраныс азаймайды.