Орталықтың мәліметінше, 10-15 тамыз аралығында кешенді тестілеу 27 жерде өткізілді. Оған қатысуға 30 579 адам өтініш берген, бірақ тестілеуге 28 131 адам, яғни 92%-і қатысты.

Кешенді тестілеуді өткізу үшін аймақтарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері жіберілді, Республикалық апелляция комиссиясы және жергілікті жерлерде апелляция комиссиялары құрылды, медициналық көмек көрсету пунктілері ұйымдастырылды және тестілеу барысында қауіпсіздік қамтамасыз етілді. Сонымен бірге бақылаушылар ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері мен Арнайы мониторинг топтары тартылды, — деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі.

Қазақ және орыс тілдерінде оқытылатын магистратураның мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысу үшін шекті балл кемінде 75 балл, ақылы негізде қабылдау үшін кемінде 50 балл болды. Бөлімдер бойынша: шет тілінен кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтауға арналған тестілеуден кемінде 7 балл, әр бейінді пәннен кемінде 7 балл алу керек.

Ағылшын тілінде оқытылатын магистратура бойынша грант конкурсына қатысу үшін шекті балл кемінде 50 балл, ақылы негізде қабылдау үшін кемінде 25 балл болды. Бөлімдер бойынша: оқуға дайындығын анықтауға арналған тестілеуден кемінде 7 балл, әр бейінді пәннен кемінде 7 балл алу қажет.

12 853 үміткер немесе тестілеуге қатысушылардың 45,7%-і мемлекеттік грант конкурсына қатысуға мүмкіндік алды. Конкурс нәтижесі кейін белгілі болады.

Тестілеуге 217 аудитория пайдаланылды. Олар ұялы байланыс құралдарының сигналдарын басу және бейнебақылау құрылғыларымен жабдықталды. Тексерушілер сынаққа басқа біреудің орнына кірген 25 адамды анықтады. 1 021 талапкер ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды. Олардың нәтижесі жойылды.

Сынақ барысында 20 497 смартфон мен басқа да гаджет, 498 шпаргалка, 373 калькулятор тәркіленді.

Тестілеуден соң апелляцияға 1 642 адам өтініш берді, оның 1 580-і тест тапсырмаларының мазмұны бойынша, 62-сі техникалық себептер бойынша шағымданған. Орталық мамандары 346 өтінішті қанағаттандырды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!