Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовті қабылдады.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Өмірзақ Шөкеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің биылғы 7 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы, Арыстағы қалпына келтіру жұмысының барысы мен Түркістандағы құрылыстар жөнінде баяндады.
Архимед Мұхамбетов Президентке өңірдегі астық жинау жұмыстарына дайындық барысы, агроөнеркәсіп кешенінің дамуы, машина жасау саласындағы инвестиция жобаларының іске асырылуы жөнінде мәлімет берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев астық жинау науқанын уақтылы жүргізу, тұқым қорын дайындау, тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру және Қостанайдағы әуежайды қайта жөндеу қажет екенін айтты. Сонымен бірге ол әкімге Арқалықтың жылумен қамту жүйесін қайта жөндеу жөнінде ұсыныс беруді де тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сәрсенбіде кадрлық өзгеріс те жасады. Әлтайыр Ахметовті Президент Әкімшілігінің мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындап, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры қызметінен босатты және Мемлекеттік басқару академиясының ректорлығына Ерлан Әбілді тағайындау туралы өкімге қол қойды.