Бірғаным Әйтімова мен Асқар Бейсенбаевтың және тағы 4 адамның ҚР Парламенті Сенатының депутаттары ретіндегі қызметі аяқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен олардың орнына жаңа сенаторлар тағайындалды.
Мемлекет басшысының жарлықтарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бірғаным Сарықызы Әйтімова мен Асқар Асанұлы Бейсенбаевтың өкілеттіктері тоқтатылды, — делінген Ақорда сайты жариялаған құжатта.
Қазақстан Президенті Парламент Сенатының жаңа депутаттары ретінде Нұртөре Жүсіп пен Асқар Шәкіровті тағайындады.
Нұртөре Жүсіп — AIQYN республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы. Асқар Шәкіров бұған дейін Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлықтарымен тағы бірнеше адам Сенат депутаты болды. Олар: ҚР Бас прокурорының бұрынғы орынбасары Андрей Лукин, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен, тележүргізуші Дана Нұржігітова, ҚР Энергетика министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Қанатбек Сафинов.
Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Дариға Назарбаева жоғарғы палата депутаты қызметіне қайта тағайындалды.
Мемлекет басшысының жарлықтарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары: Сергей Николаевич Громовтың; Георгий Владимирович Кимнің; Дулат Рашитұлы Қосдәулетовтің; Рашид Төлеутайұлы Түсіпбековтің өкілеттіктері тоқтатылды, — делінген Президенттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Асқар Бейсенбаевтың Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, ТМД жарғы органдары жанындағы тұрақты өкіл қызметін қоса атқарушы болып тағайындалғаны хабарланған еді. Бұл лауазымды оған дейін Ермұхамет Ертісбаев иеленген.