Кеше Алматыда қазақстандық БАҚ нарығын дамыту мәселелеріне арналған Media құрылтай конференциясы өтті. Конференцияда қазақстандық баспасөз редакторлары мен сарапшылар, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері отандық БАҚ нарығын дамытумен байланысты мәселелерді талқылады. Әсіресе, «Қазақ тіліндегі БАҚ: шынайы жағдайы мен келешегі» тақырыбында өткен панельдік отырыста қызу пікірталас туды. Отырысты белгілі саясаттанушы Айдос Сарым жүргізді.

Айдос Сарым
Айдос Сарым. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Нұртөре Жүсіп: Орыс газеттерін қазақ баспасөзіне қосымша ретінде шығару керек

Нұртөре Жүсіп
Нұртөре Жүсіп. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

«Кезінде қазақ баспасөзі орыс газетіне қосымша, оның мақалаларын мемлекеттік тілге аударушы немесе қазақша түсіндіруші деген ұғым қалыптасқан еді. Қазіргі қазақ баспасөзінің жағдайы қалай, ол ой-пікір қалыптастыра алатын дәрежеге жетті ме?» деген сұраққа «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп жауап берді.

Қазақ тіліндегі баспасөз тек тіл мен тарихты жазып, салт-дәстүрді жоқтайды деген де түсінік бар. Жаңа заманға сай «жаңа медиа» ұғымы пайда болды. Ол дәстүрлі БАҚ-пен қатар дамып келе жатыр. Қазір баспасөзде көп нәрсенің өзгергеніне куә болып отырмыз. Шынында бұрын қазақ басылымдары орыс тіліндегі газеттерге қосымша ретінде шығырылатын. Ал қазір, керісінше, орыс газеттері қазақ тіліндегі басылымдарға қосылып, оларды оқитын оқырманның саны газетті қазақ тілінде оқитын оқырмандарға қарағанда азайғанын байқап отырмыз. Сөзіміз дәлелді болуы үшін қарапайым мысалдар келтіруге болады. Халық саны жөнінен ең көп аймақтардың бірі саналатын Түркістан облысындағы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің таралымы — 44 000. Ал орыс тіліндегі «Южный Казахстан» газетінікі 14 мыңға жетер-жетпес. Қазақ және орыс тіліндегі басылымдармен бірге өзбек тілінде де шығатын газет бар. Сол сияқты Атырауда да осындай жағдай. Алдағы уақытта мемлекет бұл басылымдарды қаржыландыруды тоқтатса, өзге тілде, соның ішінде орыс тілінде шығатын көп газеттің жабылу қаупі бар. Сондықтан олардың болашағына күмәнмен қарап, алаңдауға болады. Шыны керек, қазір көп газет осындай үреймен шығып отыр. Оларды бірден жауап тастасақ, елімізде үлкен саяси жанжалдар болуы мүмкін. Егер орыс тіліндегі басылымдарды қажет деп санасақ, оларды таралымы көп қазақ газетіне қосуды қолға алу керек.

Жақында өзім басқарып отырған «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Айқын» газеті мен орыс тілінде шығып жүрген «Литер» газеті бірікті. Осылайша екі газеттің де өмір сүру мүмкіндігі молайды. Сол сияқты аудандық, қалалық, облыстық деңгейдегі басылымдар да біртіндеп осындай процестерден өтуі керек деп есептеймін.

Абай Отар: «Егемен Қазақстан» мемлекеттік қызметкерлерді газетке мәжбүрлеп жаздыруға қарсы

Қазіргі баспасөздегі контент пен оқырманның талғамы, баспасөздің жұмысы мен мемлекеттік саясатты насихаттау және баспасөзге мәжбүрлеп жаздыру сияқты мәселелер туралы «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Абай Отар жауап берді.

Абай Отар
Абай Отар. Фото: Қазақстан баспасөз клубы

Қазір контенттің ғана емес, оқырманның да сапасы өсіп келе жатыр. Осыдан біршама жыл бұрын қазақ оқырманы «Қызық газет», «Жұлдыздар отбасы» сияқты газет-журналдарды жаппай оқитын және ол басылымдардың таралымы қоғамдық-саяси баспасөздерден әлдеқайда көп болды. Оның үстіне, бұрын көбі газеттерде жасы үлкен журналистер жұмыс істейді дейтін. Қазір бұл жағдай да өзгеріп келе жатыр. Оған мысал ретінде өзім қызмет ететін «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істейтін журналистердің орташа жасы 27-ге дейін түскенін айта аламын.

Газеттің сайтына оқырмандарды тарту үшін ағылшын және орыс тілінде де хабар тарата бастадық. Ағылшын тіліндегі нұсқамызды әзірше көбіне қазақстандықтар қарайды. Газетіміздің бір бетін латын қарпінде шығаруды да қолға алдық. Оны дұрыс түсініп, оқитындардың да саны артып келеді. Кирилл қарпінде басылатын материалдарға қарағанда оны оқитындардың саны әрине, аз.

Сонымен бірге The New York Times газетімен келісімшартқа отырдық. Бұл әлемдік газет тек Қазақстанда емес, ТМД елдері арасында алғаш рет «Егемен Қазақстанмен» келісімге келіп отыр. Келесі жылдан бастап газетіміздің екі бетінде The New York Times газетінің мақалаларын түпнұсқада береміз. Одан кейінгі екі бетте сол мақалалардың қазақша аудармасы тұрады. Оқырманға ағылшын тілі мен қазақ тіліндегі мақалаларды салыстырып оқу ағылшын тілін үйренуге көмектеседі деген ойдамыз. Осы мәселеге қатысты «Дәстүрлі, тұрақты оқырманнан айырылып қаламыз деп қорықпайсыздар ма?» деген екінші сұрақтың ұшы шығуы мүмкін. Оған айтарымыз, керісінше, осы жоба арқылы қазақ журналистикасына жаңа леп алып келеміз деген ойдамыз. Өйткені The New York Times газетінің стилі біздікінен мүлде бөлек. Олар екі тарапқа да сөз беріп, проблеманы жан-жақты зерттейді. Журналистикадағы ақпаратты берудің ең ұтымды «төңкерілген пирамида» тәсілін қолданады.

Біздің газетте сыни материалдар да шығады. Мысалы, былтыр газетімізде «Шығыс Қазақстан облысындағы аудандардың біреуі озып, біреуі тозып тұр?» деген мақала жаздық. Сол мақаладан кейін облыстық әкімдік арнайы комиссия құрып, көтерілген мәселелерді шешуді қолға алды. «Егемен Қазақстан» бұл жағынан ашық, журналистер зерттеу жасап, жазып жатса, газетке басудан бас тартпаймыз.

«Егемен Қазақстан» мемлекеттік қызметкерлерді газетке мәжбүрлеп жаздыруға наразы. Бұған қатысты айтарым, баспасөз басшылары ондай бұйрық беруге құзыретті емес. Білім министрі де газетке жазылу маусымына араласпайды. Егер оқырмандарымыз осындай келеңсіз жағдайларға тап болып жатса, міндетті түрде бізге хабарласса болады.