Мұхтар Құл-Мұхаммед Дариға Назарбаеваның орнына төраға болды

Депутаттар халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне Мұхтар Құл-Мұхаммедті сайлау туралы шешімді бірауыздан қолдады.

Мұхтар Құл-Мұхаммед
Мұхтар Құл-Мұхаммед. Фото: Strategy2050.kz

Парламент Сенатының жалпы отырысында халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы сайланды.

Бұл комитеттің төрағасы лауазымына Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің кандидатурасын ұсынамын. Мұхтар Абрарұлы – белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Мемлекеттік хатшы, министр, облыс әкімі болып аса жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды. Білімді, білікті және тәжірибелі депутат, – деді Сенат спикері Дариға Назарбаева.

Сенаторлар халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне Мұхтар Құл-Мұхаммедті сайлау туралы шешімді бірауыздан қолдады.

Бүгінгі көрсеткен қолдау мен сенім – бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Сондықтан барлық күш-жігерімді осы сенімді ақтауға жұмсаймын. Баршаңызға рақмет! – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Мұхтар Құл-Мұхаммед 1960 жылы 12 желтоқсанда туған. С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Журналист, заң ғылымдарының докторы, профессор. ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, ҚР Президентінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, Қызылорда облысының әкімі, “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. “Құрмет”, “Парасат”, III дәрежелі “Барыс” ордендерімен марапатталған.

Еске салайық, Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметін бұған дейін Дариға Назарбаева атқарған еді. Биылғы 20 наурыз күні ол ҚР Парламенті Сенатының спикері болып сайланды.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!