Басты бетЖаңалықтар1 қыркүйекте...

1 қыркүйекте Алматыда қанша оқушы мектепке барады?

1 қыркүйекте Алматыда 258 мыңнан астам оқушы мектепке барады. Оның ішінде 1-класқа қабылданғандардың саны — 32 мың.

Алматы әкімдігінің баспасөз-орталығында жаңа оқу жылына дайындық туралы брифинг өтті. Білім басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенованың айтуынша, бұл оқу жылында 185 мемлекеттік балабақша, 204 мемлекеттік мектеп пен 22 мемлекеттік колледж жұмыс істейді.

Қазір барлық мемлекеттік білім ошағында жөндеу жұмысы аяқталған. Екі балабақша, 9 мектеп пен №9 мектеп-интернаттың ғимараты күрделі жөнделіп, сейсмикалық жағынан күшейтіліп жатыр. 5 мектеп жаңа оқу жылына дейін жөнделіп бітеді. 4 мектеп-интернатта жөндеу оқу процесі кезінде жүргізіледі.

Гүлнәр Қожабергенованың айтуынша, мектептерде оқушылардың бәріне оқу құралдары беріледі. Келісімге сай олар білім ұйымдарына 2019 жылдың 20 тамызына дейін жеткізіледі. Алматыда 2019 жылдың 5 шілдесінен бастап жыл сайынғы «Жүректен жүрекке» ұраны бойынша «Мектепке жол» акциясы жүріп жатыр. Акция 30 қыркүйекте аяқталады.

Zakon.kz-тің хабарлауынша, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың оқушыларына мектеп формасын алу үшін Алматы бюджетінен 260 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Бұл санаттағы оқушылардың саны — 16 мыңға жуық.