Қазақстан Президенті Қырғызстандағы болып жатқан жағдайды мұқият бақылап отыр. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-парақшасында жазды.
Мемлекет басшысы бауырлас көрші елдегі ахуал Қырғыз Республикасының ішкі шаруасы деп есептейді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдай жуық арада елдің қолданыстағы заңы аясында шешіледі деп үміттенеді, — деп жазды ол.
7 тамыз күні кешкісін Қырғызстандағы Қой-Таш ауылында Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы елдің бұрынғы Президенті Алмазбек Атамбаевты күшпен ұстау операциясын бастады. Бұл кезде Алмазбек Атамбаев 200-ге жуық жақтасымен кездесіп жатқан. Олардың арасында қариялар, әйелдер мен балалар болды. Алмазбек Атамбаевтың жақтастары оның үйін 5 сағат бойы қорғады. Ақыры күш құрылымдарын қуып шығып, бұрынғы Президентті ұстатпады. Бұдан соң Алмазбек Атамбаев мәлімдеме жасап, елдің қазіргі билігін бейбіт келісімге, қантөгісті тоқтатуға үндеді. Бұл операция барысында 50-ге жуық адам зардап шекті.
2019 жылдың 27 маусымында Қырғызстан Парламенті Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айырды. Кейін елдің құқық қорғау органдары оған қылмыстық заңнаманың қызмет барысында жемқорлыққа жол беру, өкілетін асыра пайдалану, заңсыз баю және басқа да баптары бойынша айыптар тақты. Алмазбек Атамбаев бұл айыптауды саяси жала деп мәлімдеді.