Алмазбек Атамбаевты ұстау кезінде 50-ге жуық адам зардап шекті

Қырғызстанда бұрынғы Президент Алмазбек Атамбаевты күшпен ұстау барысында 48 адам жарақат алып, Бішкек пен Шу облысы ауруханаларына түсті.

Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенген April.kg агенттігінің хабарлауынша, 9 адам амбулаторияға жіберілді, 25 адам жабық бас-ми жарақатын алған, 4 адамға оқ тиген, тағы 6 адам түрлі дәрежеде жараланған. Арнайы жасақтың бір офицері қаза тапты.

7 тамыз күні жергілікті уақыт 20.00-де Қой-Таш ауылында Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы елдің бұрынғы Президенті Алмазбек Атамбаевты күшпен ұстау операциясын бастады. Бұл кезде Алмазбек Атамбаев 200-ге жуық жақтасымен кездесіп жатқан. Олардың арасында қариялар, әйелдер мен балалар болды. Алмазбек Атамбаевтың жақтастары оның үйін 5 сағат бойы қорғады. Ақыры күш құрылымдарын қуып шығып, бұрынғы Президентті ұстатпады. Бұдан соң Алмазбек Атамбаев мәлімдеме жасап, елдің қазіргі билігін бейбіт келісімге, қантөгісті тоқтатуға үндеді.

2019 жылдың 27 маусымында Қырғызстан Парламенті Алмазбек Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айырды. Кейін елдің құқық қорғау органдары оған қылмыстық заңнаманың қызмет барысында жемқорлыққа жол беру, өкілетін асыра пайдалану, заңсыз баю және басқа да баптары бойынша айыптар тақты. Алмазбек Атамбаев бұл айыптауды саяси жала деп мәлімдеді.